Шымкент қаласының дамуы мен экономикалық саясаты аясында білім саласын халықаралық стандарттарға сай жетілдіру, заманауи инфрақұрылым мен академиялық ресурстарды дамыту – стратегиялық басымдықтардың бірі болып отыр. Қала аумақтық даму жоспарына сәйкес, жоғары білім мекемелерін заманауи талаптармен қамтамасыз ету, шетелдік университеттердің филиалдарын ашу және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы аясында Түркияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Гази университетінің ректоры Угур Унал мырзамен кездесу ұйымдастырылды. Делегация Шымкентке Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасында университет филиалының жұмысын ұйымдастыру мақсатында арнайы келді. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы аясында, шетелдік университеттердің филиалдарын ашу арқылы білім беру сапасын арттыру және халықаралық тәжірибені енгізу үшін қолға алынған маңызды қадам болып отыр. Гази университеті – Түркияның ең ірі және беделді оқу орындарының бірі. 2024 жылғы «QS World University Rankings by Subject» рейтингісінде «Білім беру және кадрларды даярлау» бағыты бойынша 36-шы орынға ие болған бұл университет халықаралық деңгейде сапалы білім беруімен танымал. Шымкент қаласындағы филиалдың ашылуы қала білім саласының дамуына жаңа серпін беріп, студенттерге халықаралық стандарттарға сай білім алу мүмкіндігін ұсынады. Кездесу барысында филиалдың жұмысын ұйымдастыру, оқу бағдарламаларын заманауи талаптарға сәйкестендіру, материалдық-техникалық база мен инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Барлық шаралар филиалдың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және студенттердің сапалы білім алуына бағытталған. Сонымен қатар, бұл бастама Қазақстан мен Түркия арасындағы достық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосады. Гази университетінің филиалы Шымкентте жоғары білім сапасын арттыруға, халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Филиал жұмысын бастау арқылы қала тұрғындары мен студенттер халықаралық деңгейдегі білімге қол жеткізіп, заманауи білім беру жүйесінің артықшылықтарын пайдалана алады. Шымкент қаласында халықаралық білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша жүйелі жүргізіліп жатқан жұмыстар аумақтық даму жоспары аясында қала экономикасын, инвестициялық тартымдылығын және әлеуметтік-интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық шаралар қатарында. Бұл бастамалар қала үшін білім мен ғылымды дамыту, заманауи кадрларды даярлау және халықаралық деңгейдегі серіктестікті нығайтуға мүмкіндік береді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
