Шымкент қаласында ана мен бала денсаулығын қорғау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және дені сау ұлт қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі әрі нәтижелі түрде жүзеге асырылып келеді. Денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – қаланың әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Соның нақты дәлелі ретінде жергілікті дәрігерлердің сирек кездесетін диагнозбен туған нәрестеге дер кезінде күрделі хирургиялық көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалуын айтуға болады. Желтоқсан айының басында қалалық перзентханада дүниеге келген ұл балада туа біткен сирек патология – сарыуыз өзегінің толық жабылмауы, яғни толық жыланкөз анықталды. Бұл диагноз медицина тәжірибесінде сирек кездеседі және дер кезінде ем жасалмаса, нәрестенің өміріне тікелей қауіп төндіреді. Аталған ақау кезінде ішек пен кіндік арасындағы өзек өздігінен жабылмай, ішкі ағзалардың қызметіне кері әсер етеді. Сондықтан мұндай жағдайда уақыт оздырмай, жедел түрде хирургиялық араласу – жалғыз әрі дұрыс шешім болып табылады. Нәресте өмірінің бесінші тәулігінде тәжірибелі неонаталдық хирургтар күрделі операция жасап, сарыуыз өзегінің толық жыланкөзін сәтті алып тастады. Ота жоғары кәсіби деңгейде өтіп, дәрігерлердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде оң нәтиже берді. Отадан кейінгі ерте кезеңнің күрделілігіне байланысты сәби уақытша жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, реанимациялық бақылауда болды. Бірнеше күннің ішінде дәрігерлердің тұрақты қадағалауы мен емдеу шараларының арқасында баланың жағдайы біртіндеп жақсарып, анасының қасына палатаға шығарылды. Қазіргі таңда нәресте тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында, қажетті медициналық көмектер көрсетілуде. Бұл жағдай Шымкент қаласында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының жаңа деңгейге көтерілгенін айқын көрсетеді. Бүгінде қалада жаңа туған нәрестелерге перинаталдық орталық, қалалық перзентхана және балалар ауруханасы базасында жоғары технологиялы неонаталдық хирургиялық оталар жүйелі түрде жасалуда. Соңғы жылдары дәрігерлер 200-ге жуық сәбиге күрделі операция жасап, олардың өміріне төнген қауіпті алдын алды. Бұл – медициналық инфрақұрылымның дамуы мен мамандардың кәсіби біліктілігінің нақты нәтижесі. Ана мен бала денсаулығына салынған әрбір инвестиция – елдің болашағына салынған берік іргетас. Ерте диагностика, заманауи медициналық құрал-жабдықтар және тәжірибелі дәрігерлердің үйлесімді еңбегі Шымкент тұрғындарының әл-ауқатын арттырып қана қоймай, дені сау, сапалы ұрпақ қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Мұндай жүйелі жұмыстар қаланың әлеуметтік дамуын күшейтіп, халық денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды әрі стратегиялық қадам болып табылады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
