Шымкент қаласында Көксай тұрғын алабын жаңарту тұжырымдамасы аясында халықты жайлы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қаланың ескі тұрғын үй қорын жаңғырту, инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейтін бұл жоба мегаполистің ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады. Тәуелсіздік күні қарсаңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Көксай аумағында орналасқан Транспорт көшесі, 5 және Нұрлыбаев көшесі, 2 мекенжайларында тұрған 20 отбасыға жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Бұл – тұрғындарды қауіпсіз әрі заманауи тұрғын үйлерге көшіру бағытындағы кезекті маңызды қадам. Жалпы, Көксай аумағын жаңарту тұжырымдамасы іске асырыла бастаған уақыттан бері 103 отбасы ескі және тозығы жеткен үйлерден көшірілді. Олар қаладағы Шымкент-сити және Тұран шағынаудандарында орналасқан жаңа, абаттандырылған көпқабатты тұрғын үйлерге орналастырылды. Пәтерлер толық таза әрлеумен тапсырылып, бөлме саны бұрынғы тұрғын үйлерге сәйкес берілді. Бұл қоныс аударған отбасылардың тұрмыс жағдайын сақтауға және жаңа ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік береді. Жаңа баспаналар барлық инженерлік желілермен қамтылған, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына жақын орналасқан. Мұндай шешімдер тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлылық жасап, балалардың қауіпсіздігі мен отбасының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Салтанатты рәсім барысында қала әкімі қоныс иелерін Тәуелсіздік күні мерекесімен және жаңа баспаналарымен құттықтап, отбасыларға денсаулық, бақ-береке және алдағы өмірлеріне табыс тіледі. Айта кету керек, Көксай аумағын жаңарту тұжырымдамасы аясындағы тұрғындарды көшіру және оларды сапалы, жайлы тұрғын үйлермен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Бұл жоба Шымкент қаласының заманауи келбетін қалыптастыруға, тұрғын үй сапасын арттыруға және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама болып отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
