Шымкент қаласының дамуы мен экономикалық саясаты аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту – стратегиялық басымдықтардың бірі болып отыр. Қала аумақтық даму жоспарына сәйкес, инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру, индустриялық және туристік әлеуетті арттыру, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы басты мақсат – Шымкентті заманауи, инвестицияға тартымды, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тұрақты қалаға айналдыру. Осыған байланысты қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ха Тэ Ук мырзамен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Корея арасындағы көпжылдық достық, өзара сенім мен құрметке негізделген ынтымақтастықтың стратегиялық маңыздылығы атап өтілді. Екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту, әсіресе инвестиция, өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық байланыстар саласында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, Шымкент қаласында корей компанияларын тарту арқылы жаңа өндіріс және сервистік жобаларды тиімді жүзеге асыру, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау мәселелері де қаралды. Қала мен Ульсан арасындағы бауырлас қала байланысын орнату мүмкіндіктері де қарастырылды. Биыл мамыр айында іске қосылған Шымкент – Сеул тікелей әуе бағытының экономикалық және туристік маңыздылығы ерекше атап өтілді. Бұл бағыт халықаралық сауда мен туризмді дамытуға, сондай-ақ мәдени, білім және инновациялық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосады. Шымкент қаласында жеті мыңнан астам корей этнос өкілдері тұрып, қаланың экономикалық дамуына, әлеуметтік тұрақтылығына және қоғамдағы достық қарым-қатынасты нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Корейлер қауымдастығы ұлттық дәстүрлерді сақтап, мәдениетаралық ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалысып, қалалық мәдени өмірге қосқан үлесімен ерекшеленеді. Бұл көпмәдениетті ортаның қалыптасуына, тұрғындар арасында толеранттылық пен өзара түсіністіктің нығаюына ықпал етеді. Кездесу қорытындысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков екі ел арасындағы аймақтық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, Шымкент қаласында бірлескен жобаларды жүйелі жүзеге асыруға және Қазақстан-Корея қарым-қатынасын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті. Мұндай бастамалар Шымкенттің экономикалық әлеуетін арттыруға, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және қала тұрғындары үшін қолайлы, қауіпсіз әрі дамыған орта қалыптастыруға бағытталған стратегиялық шаралар қатарында.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
