ШЫМКЕНТТЕ ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕРДІ ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ ҚАЛА АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласының дамуы мен экономикалық саясаты аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және қаланы заманауи талаптарға сай абаттандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қала аумақтық даму жоспарына сәйкес, әрбір шағынауданның инфрақұрылымы жаңартылып, тұрғындар үшін қауіпсіз, қолайлы ортаны қамтамасыз ету басты басымдық болып отыр. Осы бағытта ұран ауданындағы Айқап шағынауданында салынып жатқан кәріз жүйесінің құрылысымен таныстырылды. Тұрғын үйлерді су бұру жүйесіне уақытылы қосу және жол жабындысын қалпына келтірудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Мердігер ұйымға жұмыстың қарқынын арттырып, инженерлік желілердің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ, «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барып, материалдық-техникалық базаның және жабдықтардың жай-күйі тексерілді. Жауапты тұлғаларға техника мен ресурстардың тиімді пайдалануын қамтамасыз ету, көшелерді қардан тазалау, тазалықты сақтау және аумақты абаттандыру жұмыстарын уақытылы орындау тапсырылды. Тұран шағынауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын бақылау барысында қоғамдық көлік аялдамаларын орнату, жол жабындысын қалпына келтіру және жаяу жүргіншілер жолдарын төсеу жұмыстары қаралды. Барлық жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс екені ескертілді. Абай ауданында Шымкент әуежайының екінші ұшу-қону жолағының құрылысы да қаралды. Жоба халықаралық деңгейдегі заманауи мультимодальды хабқа айналдыру бағдарламасының маңызды бөлігі саналады. Жаңа ұшу-қону жолағы заманауи бағдарлау және қону жүйелерімен жабдықталып, кез келген ауа райында ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді. Жауапты тұлғаларға сапа мен халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтау тапсырылды. Сонымен қатар, А-2 айналма жолының (V кезең) қайта жаңарту барысы және «Мұз сарайының» алдындағы ашық мұз алаңы құрылысын тексеру жүзеге асырылды. Қыс мезгілінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін бірнеше алаңда жаппай сырғанау мен таза ауада белсенді демалысқа арналған мұз айдындары ұйымдастырылады. Мердігер ұйымға материал сапасы мен құрылыс нормасының сақталуын қамтамасыз ету ерекше тапсырылды. Осылайша, Шымкент қаласында инженерлік желілерді жаңарту, жолдарды жөндеу және қаланы абаттандыру бағытында жүргізіліп жатқан жобалар қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және инфрақұрылымның заманауи талаптарға сай дамуына қызмет ететін стратегиялық бастамалар болып табылады.