ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛ ЖӘНЕ ЭНЕРГИЯ ҚҰРЫЛЫС ЖОБАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Шымкент қаласының даму стратегиясы мен экономикалық саясаты аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және коммуналдық қызметтердің сенімділігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен қаланың аумақтық даму жоспарына сәйкес, қалада жол-көлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше мән берілуде. Осы мақсатта Айнарбұлақ тұрғын алабындағы жол құрылысы және Сәуле шағынауданындағы 35/10 кВ «Оңтүстік» қосалқы станциясын жаңғырту жұмыстары сәтті аяқталды. 1983 жылы пайдалануға берілген «Оңтүстік» қосалқы станциясының жаңғыртылуы инвестиция есебінен жүзеге асырылып, нәтижесінде шамамен 3 400 абонент сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілді. Жаңартылған құрылғылар энергожүйенің сенімділігін арттырып, апатты өшіру қаупін азайтады және тұрғын алаптардың әрі қарай дамуына қажетті қосымша қуат резервін қамтамасыз етеді. Бұл жобалар қаладағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді заманауи талаптарға сай электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қарабастау тұрғын алабы мен Елшібек батыр көшесіндегі жолдарда асфальттау жұмыстары жүргізіліп, Момынов көшесіндегі жолайрық құрылыс жобасының сапасы тексерілді. Жобалардың жоғары стандарттар бойынша орындалуы, технологиялық талаптардың сақталуы және жұмыс кестесінің қатаң бақылауда болуы тұрғындар үшін қауіпсіз және қолайлы көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға ықпал етеді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына барлық кемшіліктерді уақытылы жою және сапалы орындауды қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар, «Қиял әлемі» технопаркі маңында заңсыз салынған ғимараттарды бұзу жұмыстары және “Арбат” аумағында мұз айдынын ұйымдастыру барысы бақылауға алынды. Аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына қауіпсіздік талаптарының сақталуын, жұмыстар толық аяқталған соң аумақты абаттандыру жөніндегі нақты тапсырмалар берілді. Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жол және энергетикалық инфрақұрылымдық жобалар – қала аумақтық даму жоспарының негізгі құрамдас бөлігі. Олар тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге, көлік пен электр жүйесінің сенімділігін арттыруға, әлеуметтік және экономикалық дамуды қолдауға бағытталған стратегиялық бастамалардың көрінісі болып табылады. Мұндай жобалар мегаполисті тұрақты дамитын, экономикалық тұрғыдан мықты және тұрғындары үшін қолайлы қалаға айналдыруға мүмкіндік береді.