Шымкент қаласының дамуы мен экономикалық саясаты аясында қала аумағын кеңейту, жаңа тұрғын аудандар мен заманауи инфрақұрылымды дамыту – стратегиялық басымдықтардың бірі болып отыр. Қала аумақтық даму жоспарына сәйкес, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, инженерлік және қоғамдық инфрақұрылымды жаңарту, тұрғындарға қолайлы ортаны қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы аясында қала әкімдігі «YDA Group» компаниясы мен «Integra Construction KZ» ЖШС өкілдерімен кездесіп, 117 гектар аумақты дамытуға арналған бас жоспарды қарастырды. Жоба заманауи тұрғын ауданмен қатар, көпфункционалды инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Тұрғын үйлермен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары салу жоспарланған. Бұл – Шымкент тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымды кешенді түрде дамытуға бағытталған ауқымды жоба. Кездесу барысында құны 2 млрд АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобаны іске асырудың негізгі шешімдері мен кезеңдері талқыланды.Инженерлік инфрақұрылым, жол жүйесі, су және электр желілері, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жобаны іске асыру кезінде кешенді тәсіл, халықаралық сапа стандарттарын сақтау, экологиялық қауіпсіздік және қауіпсіздік нормаларының толық орындалуы маңызды болып отыр. Сонымен қатар, заманауи ойын-сауық саябағын салу мүмкіндігі қарастырылып, бұл қала тұрғындары мен қонақтарының демалыс сапасын арттырып, ішкі туризмді дамытуға қосымша серпін береді.Кездесу қорытындысында компания басшылығына конструктивті диалог пен қаланың дамуына қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдірілді. Қала әкімдігі өз тарапынан жобаны уақтылы және тиімді іске асыру үшін барлық қажетті қолдау шараларын көрсетеді. Жоба Шымкенттің келбетін жаңартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға және экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатын стратегиялық бастама болып табылады. Шымкентте жүзеге асырылып жатқан жобалар қаланың аумақтық даму жоспары аясында тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз және дамыған ортаны қалыптастыруға бағытталған. Жаңа аудандар тұрғындар үшін жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етіп, қала экономикасының тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына, сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қызмет етеді. Қала әкімдігі Шымкенттің кешенді дамуын қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды жаңартуға және тұрғындарға ыңғайлы, сапалы ортаны құруға белсенді түрде қолдау көрсетуде.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
