Түркістан облысында тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытында кешенді әрі ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Шардара қаласын сапалы әрі тұрақты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған ірі инфрақұрылымдық жоба. Бүгінгі таңда аталған жоба бекітілген жоспарға сәйкес қарқынды жүргізіліп жатыр.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев құрылыс нысандарына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады. Жұмыс сапасын зерделеп, мердігер ұйымдармен кездескен аудан басшысы құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу, белгіленген мерзімдерді қатаң сақтау және техникалық талаптарды толық орындау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 39 шақырым су құбырын тарту көзделген. Қазіргі таңда оның 27 шақырымы толық жүргізіліп, құрылыс жұмыстары екі бағытта қатар атқарылуда. Су құбырлары диаметрі 560 мм SDR17 полиэтилен материалынан салынып, ұзақ мерзімді әрі сенімді пайдалануға бағытталған.
Сонымен қатар, жоба шеңберінде 14 ұңғыма қазу жоспарланып, бүгінде оның 4 ұңғымасы толық аяқталған, ал 10 ұңғымада су тазалау және сынақ жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, көлемі 500 текше метр болатын резервуардың бетоны құйылып, іргетасы қаланды. Қазіргі уақытта су өткізбейтін жабын жасау, сорғы станциясы мен әкімшілік ғимараттың шатырын жабу, сондай-ақ электр желілерін тарту жұмыстары жалғасуда.
Аталған жоба – Шардара қаласы тұрғындарын таза ауыз сумен үздіксіз және тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп, сапасы тиісті мекемелер тарапынан тұрақты бақылауда болады.
Айта кетейік, 2025 жылы Түркістан облысында ауыз су саласы бойынша барлығы 82 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 42 нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді, ал қалған 40 нысан ағымдағы жылы аяқталады деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту деңгейін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

