ШАРДАРА: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЕГІЗІНДЕ ТАЗА АУЫЗ СУ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының Шардара ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған тағы бір маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асты. Көксу ауылдық округіне қарасты Баспанды елді мекенінде жаңа ауыз су қондырғысы орнатылып, ауыл халқы таза әрі сапалы сумен қамтылды. Бұл игі іс «Азиялық Газ құбыры» ЖШС-нің демеушілігімен, ал құрылысы «Рахым-Сауап» қоғамдық бірлестігі арқылы атқарылды. Сағатына 500 литр су өндіре алатын жаңа станция ауыл тұрғындарының көпжылдық мәселесін шешіп, елдің тұрмыс деңгейін жақсартуға айтарлықтай ықпал етпек. Салтанатты ашылу рәсіміне Көксу ауылдық округінің әкімі Бақтыбай Қошқарбаев, «Шымкент» газ тасымалдау басқармасының директоры Асхат Бадырақов, ауыл биі Бердіқұл Сарбасов, «Рахым-Сауап» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зәуре Ешбаева, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар бұл жобаның іске асырылуын өңірдің әлеуметтік дамуындағы елеулі қадам ретінде бағалап, қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Мұндай жобалар тек әлеуметтік мәселені шешіп қана қоймай, өңір экономикасын әртараптандырудың және жеке секторды тартудың нақты мысалына айналып отыр. «Қолжетімді және сапалы инфрақұрылым – халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың басты тетігі» деген принцип Шардара өңірінде дәйекті түрде жүзеге асуда. Мемлекет пен бизнес серіктестігінің нәтижесінде ауылдық жерлерде таза ауыз су, жарық және жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде инвестициялық климатты жақсартып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беруде. Соңғы жылдары Түркістан облысында инвестициялық және әлеуметтік жауапкершілік мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді. Ірі компаниялар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен іске асқан жобалар — өңірдің тұрақты дамуының кепілі. «Азиялық Газ құбыры» ЖШС сияқты өндіріс саласының ірі өкілдерінің әлеуметтік бастамаларға үлес қосуы – жеке капитал мен қоғам мүддесінің өзара үйлесімін айқын көрсетеді. Мұндай жобалар мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтып, инфрақұрылымдық дамудың жеделдеуіне мүмкіндік береді. Баспанды елді мекеніндегі жаңа ауыз су нысаны – ауыл өміріне тың серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, ауыл шаруашылығын дамытуға, жастардың ауылда тұрақтауына ықпал етеді. Бүгінде Түркістан облысы бойынша осындай жеке инвестиция және әлеуметтік серіктестік негізінде іске асқан жобалардың саны артып келеді. Бұл үрдіс – өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік даму бағытының нақты көрінісі.