Түркістан облысының дамуы – аймақтық экономиканы әртараптандырумен қатар, әлеуметтік саладағы қолдау мен тұрақтылыққа да тікелей байланысты. Осы бағытта Шардара ауданында халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар күн санап күшеюде. Ауданның 60 жылдығына орай Ж.Қолдасов көшесінде орналасқан 6 қызметтік тұрғын үйдің кілттері әлеуметтік сала қызметкерлеріне табысталды. Бұл – тек тұрғын үймен қамтамасыз ету шарасы ғана емес, өңірдің адам капиталына бағытталған инвестициясы іспетті маңызды қадам. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысы аясында жүзеге асқан бастама – мемлекет тарапынан әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету жолындағы нақты қолдау. Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
– «Шардараның дамуы тек өндіріс пен инфрақұрылыммен өлшенбейді. Ең басты құндылық – адам. Әлеуметтік сала өкілдерін тұрғын үймен қамту арқылы біз олардың еңбек етуге деген ынтасын арттырып, өңіріміздің дамуына қосар үлесін күшейтеміз», – деді аудан басшысы. Қызметтік пәтер иелерінің арасында жас мамандар да бар. Солардың бірі – Шолпан Әмірова, Алматы қаласынан ата-анасымен бірге қоныс аударып келген білікті онколог-дәрігер. Ол С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдап, бүгінде өңірдің денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Тағы бір жас маман – Жансұлу Жұмаділла, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің түлегі. Ол бірнеше жылдық тәжірибесі бар жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде Шардара аудандық ауруханасында қызмет атқарып келеді. Бүгінде Шардара өңірі әлеуметтік инфрақұрылыммен қатар, экономиканы әртараптандыру, жаңа инвестиция тарту және кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында да жүйелі жұмыстар атқаруда. Соңғы жылдары ауданда құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм және қызмет көрсету салалары қарқын алып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып отыр. Қызметтік тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі – өңірге жоғары білікті мамандарды тартуға мүмкіндік беретін маңызды ынталандыру шарасы. Бұл, өз кезегінде, медициналық қызмет сапасын арттырумен қатар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, сондай-ақ, Шардараның инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді. Шардараның жаңа тынысы – әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық даму арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, адам әлеуетін арттыру жолындағы жүйелі еңбектің нәтижесі.
