ШАРДАРАДА ІРІ ӨНДІРІСТІК ЖОБА – ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУДА

Шардара ауданы индустриялық әлеуетін арттыру бағытында ірі өндірістік жобаларды іске асыруды жалғастыруда. Соңғы күндері ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары өңірге жұмыс сапарымен келіп, жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Делегация құрамында комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев және аудан әкімдігі өкілдері болды.

Сенаторлар индустриялды аймақта орналасқан «Казкрахмал» ЖШС-ның жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты. Кәсіпорын үшін индустриялық аймақ аумағынан 35 гектар жер бөлінген, жалпы жобаның құны 35 млрд теңгені құрайды. Зауыт толық іске қосылған жағдайда 550 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Өндірістік кешен жылына 150 000 тонна жүгеріні терең өңдеуге бағытталған, бұл өңірдің аграрлық секторынан қосымша өнім шығару әлеуетін едәуір арттырады.

Компания тарапынан 2023–2025 жылдары жобаны іске асыруға 17 млрд теңге инвестиция салынған. Оның ішінде «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ 3,6 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 98%-ы аяқталған және нысанда 78 қызметкер жұмыс істеуде. Аяқталған немесе толық пайдалануға дайын объектілерге жүгеріні қабылдау және кептіру кешені, жалпы 30 000 тоннаға арналған 6 сақтау қоймасы, дайын өнімге арналған 4 қойма, әкімшілік ғимарат, жатақхана және асхана кіреді. Ал жүгеріні терең өңдеу зауыты соңғы аяқталу кезеңінде тұр, барлық технологиялық құрал-жабдықтар Түркияның Cemsan компаниясынан әкелініп, толық орнатылған.

Зауытты 2026 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарланған. Алғашқы кезеңде 200 адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл жоба аудан экономикасына бірнеше бағытта оң әсер етеді: өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру, ішкі нарықты сапалы крахмал өнімдерімен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы қосылған құн құру, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін дамыту.

Жобаның іске қосылуы Шардара ауданында өндірістік инфрақұрылымды күшейтіп, инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Ірі өндіріс орындарының ашылуы жергілікті еңбек нарығын дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға және аграрлық сектордан қосымша табыс көздерін қалыптастыруға жол ашады. Сонымен қатар, бұл кәсіпорын аймақтағы агроөнеркәсіптік кластерлердің дамуына ықпал етіп, Қазақстандағы отандық өндірісті қолдауға, сапалы өнім өндіру арқылы экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жағдай жасайды.