ШАРДАРАДАҒЫ СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ОБЛЫСТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

Түркістан облысының әлеуметтік және экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту. Сол аясында Шардара қаласының 30 мың тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған Шардара топтық су құбыры салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Жоба ауқымды және стратегиялық маңызды. Жалпы ұзындығы 39,3 км құбыр тарту жоспарланған, оның ішінде бүгінгі таңда 27 км немесе 68,7% құбыр іске қосылған. Сонымен қатар, су жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін 380 кВт қуатты трансформатор орнатылуда. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталуы жоспарланған.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов атап өткендей,

«Шардара-Байырқұм» кен орнындағы жерасты суының бекітілген қоры тәулігіне 49,2 мың текше метр, ал су құбырының қуаты тәулігіне 12 мың текше метр құрайды. Бұл жоба Шардара қаласын **сапалы және үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

Өңірдегі су инфрақұрылымын дамыту экономикалық өсімді де ынталандыруда. Су сапасы мен қолжетімділігінің жақсаруы ауыл шаруашылығы мен шағын өндірістердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, өңірлік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайды. Соның нәтижесінде Шардара мен көршілес аудандардағы кәсіпкерлер мен агроөнеркәсіптік субъектілер жаңа мүмкіндіктерге ие болады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі жоспарланған 9 жобаның орнына 15 топтық су құбырын реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарын аяқтады. Нәтижесінде 514 000 адам тұратын 277 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылып, су сапасы едәуір жақсарды. Оның ішінде 73 елді мекен немесе 115 500 адам бұрын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмеген еді.

Биыл 142 ауылдық елді мекенді, яғни 540 мыңға жуық адамды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл шаралар тек халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, Түркістан облысының экономикалық тұрақтылығын нығайтып, агроөнеркәсіптік және инфрақұрылымдық секторларды дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Жаңа су инфрақұрылымының іске қосылуы арқылы Шардара қаласы мен өңірдегі ауылдық елді мекендер инвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлік белсенділікті күшейтеді, бұл өз кезегінде облыстың жалпы экономикалық өсіміне нақты үлес қосады.