Төлеби ауданында өткен кезекті аппараттық мәжілісте өңірдің экономикалық дамуы мен өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуеті талқыланды. Жиынды аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов жүргізіп, негізгі баяндаманы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Мансұр Ашрапов жасады.
Оның айтуынша, аудан бойынша 89 индикаторлық көрсеткіштің орындалу барысы сараланып, оң динамика байқалуда. Экономикалық өсім ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және инфрақұрылым салаларында айқын көрініс тапқан. Өндірістік парктерді құру, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағыттарында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Райымбеков те өндірістік аймақтарды дамыту жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша, жаңа өндіріс ошақтарын құру – аудан экономикасын әртараптандырудың негізгі тетігі. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, аудандық бюджет кірісін де арттырмақ.
Жер қатынастары саласында да маңызды өзгерістер бар. Бөлім басшысы Бектөре Ешжан жерді мемлекет меншігіне қайтару және тиімді пайдалану бағытында нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты. Бұл қадам жер ресурстарын әділ бөлуге және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Сонымен қатар, «Ленгер су» МКК директоры Арнұр Ермекбай кәсіпорынның берешек қарыздарын өтеу және қызмет сапасын арттыру бойынша баяндама жасады. Аудан әкімі коммуналдық кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуының өзегіне айналуы тиіс екенін атап өтті.
– Берілген тапсырмалар сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет. Жауапкершілік пен тәртіп – ауданның даму көрсеткіші, – деді Еркеғали Амантайұлы қорытынды сөзінде.
Төлеби ауданы бүгінде әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қатар дамытып, өңірлік әлеуетін арттыру жолында нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
