ТҮРКІСТАН: «CHOCOLATINE KAZAKHSTAN – 2025» БАЙҚАУЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНДІРІС САПАСЫН АРТТЫРУҒА ҰСЫЛЫМ БОЛДЫ

Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері арасында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Chocolatine Kazakhstan – 2025» халықаралық байқауы өткізілді. Іс-шараның мақсаты – кондитерлік өнімдер өндірісінің технологиялық деңгейін арттыру, жастар арасындағы кәсіби шеберлікті дамыту және қазақстандық өнімдердің сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру болды.

Байқауға Орта Азия елдерінен – Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан барлығы 22 қатысушы қатысты. Үміткерлер екі модуль бойынша күрделі кондитерлік өнімдерді дайындап, халықаралық кондитерлік қауымдастық сарапшыларының қатаң бағалауынан өтті. Бұл байқау өңірдегі кондитерлік өндіріс саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін анықтап, заманауи технологияларды енгізу жолдарын көрсетуге мүмкіндік берді.

Қорытындысында Кіші жас санатында Бас жүлде мен Әлем чемпионатына жолдама Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің студенті Пернен Мұхаммедәліге берілді. Ал «Кәсіпқой» санаты бойынша Бас жүлде мен жолдаманы Астана қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті Махмұт Еркебұлан иеленді. Жеңімпаздар 2026 жылы Францияда өтетін Chocolatine және Pain au Chocolat Әлем чемпионатына қатысады.

Облыстық деңгейде ұйымдастырылған бұл байқау Түркістан өңіріндегі кәсіптік білім мен өндірістік оқыту сапасының халықаралық деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті. Сонымен қатар, кәсіби шеберлікті дамыту арқылы қазақстандық кондитерлік өнімдердің сапасын арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және өңірлік өндіріс көлемін кеңейтуге серпін берді.

Түркістан облысы үшін мұндай іс-шаралар – тек білім беру мен кәсіби шеберлікті шыңдау емес, сонымен қатар қазақстандық өнімнің халықаралық нарықта танылуына, экспорттық әлеуеттің артуына, ұлттық брендтердің дамуына ықпал ететін маңызды қадам болып табылады. Жастардың халықаралық аренада табысқа жетуі өңірдегі өндіріс саласының сапалы өсуін айғақтайды және Түркістанды кәсіби мамандардың орталығына айналдырады.