ТҮРКІСТАН: 2025 ЖЫЛЫ САЛЫНҒАН ІНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ САЛЫҚ КІРІСТЕРІ ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРДІ

2025 жылы Түркістан облысы экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Облыс тарихында алғаш рет салық түсімдері 1 триллион теңгеден асты. Бұл көрсеткіш жүйелі, ұзақмерзімді экономикалық саясаттың нақты жемісі және өңірдің көлеңкелі экономикадан ашықтыққа, институционалдық тұрақтылыққа бет бұрғанын айқын көрсетті.

Соңғы жылдары іске қосылған жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар облыстың тұрақты салық базасын қалыптастыра бастады. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асырылған жобалар инвестициялық кезеңнен өтіп, нақты қаржылық қайтарым беретін фазасына көшті. Бұл Түркістан облысының экономикалық серпін мен жүйелі реформалар арқылы дамуының жаңа кезеңінің басталғанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында белгіленген басымдықтар – экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және адами капиталды күшейту – өңір дамуының негізгі өзегіне айналды.

Түркістан облысында барлық аудандарда «Шағын өндірістік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыс аумағында 238 гектарды қамтитын 21 шағын өндірістік алаң құрылған. Жобалар аясында 248 өндірістік ғимарат салу жоспарланып, нәтижесінде 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылуы күтілуде. Бүгінгі күнге дейін 40 ғимараттың құрылысы аяқталып, 32 жоба іске қосылды. Бұл жобалар жиһаз, жаңбырлатып суару жүйелері, мұздатқыш жабдықтар және құрылыс материалдарын өндіру бағыттарын қамтып отыр.

Алдағы кезеңде өндіріс парктерінде бейнебақылау камералары, медициналық жиһаз және тұрмыстық химия өнімдерін өндіру жолға қойылып, ішкі нарықты қамтамасыз ету және экспортқа шығару көзделуде.

2025 жылы бірқатар заманауи өндіріс орындары іске қосылып, индустрия өңір экономикасының нақты драйверіне айналды. Желтоқсан айында 7 зауыт пайдалануға беріліп, 2 өндіріс орны мен 1 электр станциясының құрылысы басталды. Индустриялық аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 223 млрд теңгені құрайтын 20 ірі жоба жүзеге асырылуда.

11 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123%-ды құрады. Нәтижесінде шамамен 146 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіш инвестицияның нақты экономикаға, тұрақты табыс пен салық базасына айналғанын айқын дәлелдейді.

Түркістан облысы 2025 жылы өзінің экономикалық моделін сапалық тұрғыдан жақсартып, тұрақты дамудың, әртараптанған өндіріс пен институционалдық ашықтықтың нақты нәтижесін көрсетті.