Түркістан облысында инвестициялық ахуал тұрақты дамып, өңір экономикасына тың серпін беретін жобалар іске асырылуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров хабарлады.
– Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Бұл – сыртқы экономикалық байланысты дамыту мен инвесторларға қолайлы жағдай жасау нәтижесі. Әрбір инвестор үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын алаңдар жоспарланған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстың инвестициялық әлеуеті жүйелі түрде зерделеніп, экономикаға елеулі серпін беретін 111 инвестициялық жобалар пулын әзірлеу жүзеге асырылған. Жобалардың жалпы құны – 2,6 трлн теңге. Олардың басым бөлігі энергетика саласы мен ауыл шаруашылығын терең өңдеуге бағытталған. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 24 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд теңге салық түседі.
2025 жылы 340 млрд теңгеге 58 жоба іске асырылып, 8 220 жаңа жұмыс орны ашу жоспарланған. Биылғы жылдың 10 айында 41 жоба іске қосылып, 180 млрд теңге инвестиция тартылды және 5 322 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, өңір экономикасына 10 айда жалпы 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 124,2%-ды құрады.
Шетелдік инвесторлармен келіссөздер тұрақты түрде жүргізіліп, жаңа жобалар іске асыру жоспарлануда. Бұл облыстың экономикалық даму стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады. Инвестициялар тартылуы жаңа өндірістердің ашылуына, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға және әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, Түркістан облысындағы инвестициялық ахуал өңірді индустриалды дамытудың негізгі бағыттары бойынша серпінді дамытуды қамтамасыз етеді. Жаңа зауыттар мен кәсіпорындар тек жұмыс орындарын құрып қана қоймай, экономикалық белсенділікті арттыруға, бюджетке түсімдерді көбейтуге және өңірдің халықаралық инвестициялық имиджін нығайтуға ықпал етеді.
Бұл көрсеткіштер Түркістанның экономикасын әртараптандыру, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің интеграциясын күшейту және өңірдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін маңызды екендігін дәлелдейді.
