Мемлекет басшысының мәдени-тарихи нысандардың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі нақты тапсырмаларына сәйкес, Түркістан өңірінде тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны экономикалық айналымға енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағытта облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау, оларды заманауи туристік өнімге айналдыру және саладағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Мәжіліс барысында мәдени мұра нысандарын дамыту тек тарихи құндылықтарды қорғау емес, сонымен қатар өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды тетігі екені атап өтілді. Туризм саласын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, сервистік қызметтердің үлесін арттыру негізгі басымдық ретінде қарастырылды.
Жиында туристік бағыттағы жобаларды дамыту, тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген елді мекендерді жүйелі түрде насихаттау, мәдени және имидждік шараларды тұрақты ұйымдастыру мәселелері қозғалды. Сонымен қатар тарихи-мәдени нысандарға ғылыми-танымдық экспедициялар ұйымдастыру, тарихи тұлғалар мен маңызды оқиғаларды кеңінен танытатын мультимедиялық және голографиялық материалдар әзірлеу ұсынылды. Түркістан қаласындағы музейлерде бейнеинсталляциялар мен виртуалды көрмелер ұйымдастыру арқылы туристерге заманауи форматта қызмет көрсету қажеттігі де айтылды.
Аталған бастамалар өңірдің туристік өнімдерін әртараптандыруға, туристердің қалада болу уақытын ұзартуға және туризмнен түсетін табысты арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, халықаралық байланыстарды нығайту, шетелдік туристер мен инвесторларды тарту арқылы Түркістанды Орталық Азиядағы мәдени-туристік орталықтардың біріне айналдыру көзделіп отыр.
Жиын барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб, Әмір Темір мемориалы, Отырар қалашығы мен Бердібек сарайы сынды тарихи маңызы бар нысандардың сақталуы, инфрақұрылымын жақсарту, қолжетімділігін арттыру мәселелері де жеке қаралды. Бұл нысандар – өңірге келетін туристік ағынның негізгі драйверлері болып саналады.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жауапты мекемелерге тарихи-мәдени мұра нысандарын дамыту жұмыстарын жандандыруды, ұсынылған жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруды тапсырды. Барлық бастамалар нақты жоспарлар арқылы жүзеге асырылып, экономикалық тиімділігі ескерілетін болады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысында 1780 тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Оның ішінде 167 нысан халық көп шоғырланатын, туристерге қолайлы инфрақұрылымы бар және мемлекеттік тізімге енгізілген маңызды объектілер қатарына жатады. Бұл әлеуетті тиімді пайдалану өңір экономикасына қосымша табыс әкеліп, қызмет көрсету саласының үлесін арттыруға және Түркістанның халықаралық туристік брендін қалыптастыруға зор мүмкіндік береді.
Осылайша, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен дамыту – тек рухани құндылықтарды қорғау ғана емес, сонымен қатар Түркістан өңірінің тұрақты экономикалық дамуына, инвестициялық тартымдылығына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашатын стратегиялық бағыт ретінде айқындалып отыр.
