ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРҒА ҚОЛДАУ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Түркістан облысында инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндірістік жобаларды іске асыру мәселелері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында жан-жақты қаралды. Жиынға облыс әкімінің салаға жауапты орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ бизнес өкілдері мен инвесторлар қатысты.

Күн тәртібінде өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың өзекті мәселелері, оларды шешу жолдары және биыл іске асырылатын жаңа жобалардың барысы талқыланды. Сонымен қатар 2025 жылы өтетін форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін мемлекеттік қолдаудың маңыздылығына тоқталып, инфрақұрылымға қатысты мәселелерді жедел әрі жүйелі шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

– Біздің басты мақсатымыз – Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру. Бұл өңір экономикасының дамуына ғана емес, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға да тікелей әсер етеді. Әрбір инвестициялық жобаның уақтылы әрі сапалы іске асуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуіміз қажет. Түркістан облысында жұмыс істегісі келетін әрбір инвестормен ашық әрі бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді өңір басшысы.

Жиын барысында жоба бастамашылары жүзеге асырылып жатқан жобаларын таныстырып, өзекті мәселелер мен қажетті қолдау тетіктерін көтерді. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында «Корпорация «Ernur» ЖШС құны 7,6 млрд теңгені құрайтын жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен құрама жем зауытының құрылысын жоспарлап отыр. Жоба үш кезеңмен іске асырылып, биыл пайдалануға беру көзделген. Қазіргі таңда 23,8 гектар аумақта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылымның сыртқы желілерін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында тарту жоспарланған.

Сайрам ауданында «Kuzov Karabulak» ЖШС арнайы техника құрастыру зауытының құрылысы 95 пайызға аяқталған. Жоба құны – 2,5 млрд теңге. Компания басшылығы электр энергиясын тарту мәселесін көтерді. Зауыт толық іске қосылған соң, өнімдер қаржылық лизинг арқылы нарыққа ұсынылмақ.

Сонымен қатар Сайрам ауданында «Meat Magnat» агроөнеркәсіп кешенінің ет комбинаты мен 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы, «Nurym Group» ЖШС-нің етті терең өңдеу зауыты және «Red Gold» ЖШС-нің Аустралия әдісімен мал базарын салу жобалары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, «Gen Group Kazakhstan» ЖШС өндірістік жылыжай кешенін, ал «Zaman milk products» ЖШС сүт өнімдерін өндіретін зауыттың құрылысын жүргізуде.