ТҮРКІСТАН: ӨНДІРІС ПЕН ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында өңірді өндіріс орындарымен қамтамасыз ету, инвестиция тарту және отандық өнімді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы жобалардың жай-күйі мен алдағы жоспарлар өңірлік инвестициялық штабтың мәжілісінде жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәжілісте әрбір жоба бойынша нақты тапсырмалар беріп, жауаптылардың есептерін тыңдады. Әсіресе өңірдегі өндірісті тереңдету, шикізат экспорттаушы емес, дайын өнім шығаратын аймаққа айналу мәселесіне баса мән берілді.

Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы:
– Әлемдегі жағдай бізге өндіріс пен терең өңдеуді дамытуды көрсетіп отыр. Барлық дүкен сөрелерінде, сауда орындарында бірінші кезекте отандық өнімдерге орын берілуі керек. Кәсіпкерлікке жауапты басқармалар мен «Атамекен» палатасы осы бағыттағы жұмыстарды күшейтсін, мониторинг жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізсін.

Инвестициялық штаб мәжілісін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жүргізіп, жаңа жобалар мен олардың іске асырылу барысы қаралды. Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бірнеше жоба жүзеге асырылмақ:

  • «Eurasian packing materials» ЖШС – скотч және полипропилен қаптар өндірісі;
  • «STRONEX» ЖШС – аяқ киім және полимер өндірісі;
  • «Platinum Industry» ЖШС – дизель-генераторлық қондырғылар зауыты.

Осы үш жоба аясында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар, Төлеби ауданында алюминий орамдарын өндіретін зауыт салу, Түркістан қаласында көмір электр станциясының құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Мәжілісте 2026 жылы іске асырылатын жобалар мен 2025 жылғы форумда қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің іске асырылу барысы туралы Сауран ауданы мен Кентау қаласының әкімдері есеп беріп, тиісті тапсырмалар берілді.

Қазіргі көрсеткіштер:

  • 11 ай ішінде облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылды;
  • 57 жаңа инвестициялық жоба іске қосылып, 8 310 жұмыс орны құрылды;
  • 20 индустриалды және «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған;
  • Индустриалды аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды;
  • «TURAN» арнайы экономикалық аймағында 223 млрд теңгеге 20 ірі жоба жүзеге асырылуда.

Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнімді қолдауға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі болып отыр.