Түркістан қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында бірнеше ауқымды нысанның құрылысы жүргізіліп, жұмыс барысы қатаң бақылауға алынған. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев құрылыс алаңдарын аралап, нысандардың сапасы мен кестеге сай жүргізілуін тексерді.
Қаладағы маңызды жобалардың бірі – мемлекеттік мекемеге арналған әкімшілік ғимарат. «Ернур Строй и К» ЖШС 2023 жылдың қазан айында бастаған нысан құрылысы қазір қызу жүргізіліп жатыр. Құрылысқа 70-тен астам жұмысшы мен 5 техника жұмылдырылған. Инфрақұрылым толық тартылған, есік орнату, абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұл мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және қаланың әкімшілік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қала аумағында 1,56 гектар жерді қамтитын 60 төсек-орындық балалар оңалту орталығы бой көтеруде. Жоба «Turkistan International Airport» ЖШС демеушілігімен іске асып жатыр. Барлық медициналық қондырғылар орнатылып, заманауи стандарттарға сай салынған орталық іске қосуға дайын. Мұнда 80 жаңа жұмыс орны ашылып, қалада әлеуметтік қызмет көрсету мүмкіндіктері кеңейеді.
Спорт саласындағы ірі жобалардың бірі – заманауи атшабар құрылысы. Атшабар халықаралық талаптарға сәйкес бой көтеруде. Жалпы аумағы 99,3 гектарды қамтитын кешенде 1500 жанкүйерге арналған трибуна, жылқыларға арналған жазғы және қысқы қоралар, манеж, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге алаңы мен көкпар алаңы қарастырылған. Құрылысқа 30-ға жуық адам және 19 техника жұмылдырылған. Атшабар жыл соңына дейін толық пайдалануға беріліп, ат спортының дамуына жаңа серпін береді.
Аппарат басшысы Еркебұлан Дауылбаев құрылыс сапасы мен мерзімінің қатаң бақылауда болатынын, мердігерлерге нақты тапсырмалар берілгенін атап өтті. Қазіргі кезде кейбір кемшіліктер анықталып, оларды жедел түзетуге уақыт берілген.
Бұл нысандардың іске асуы тек әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін көтеріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жергілікті экономикаға оң ықпал етеді. Сонымен қатар, балалардың оңалту орталығы мен спорттық инфрақұрылымның дамуы қаланың әлеуметтік әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан осындай жобалар қаланың ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес әлеуметтік және экономикалық өсудің нақты көрінісі болып табылады. Әлеуметтік нысандардың сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, өңірде білім, спорт және денсаулық салаларын жүйелі дамытуға жол ашады.
