ТҮРКІСТАН: ҚАЛА АУМАҒЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА

Түркістан қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы және таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылымды жаңарту бағытында бірқатар нақты жобаларды іске асырып келеді.

Бүгінде Сырдария тұрғын үй алқабы мен Алматы көшесі бойында аулаларды ретке келтіру, тартан жабындысын төсеу, ойын және демалыс алаңшаларын қалыпқа келтіру, орындықтарды жөндеу сынды жұмыстар атқарылды. Бұл шаралар тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар, тұрғындардан түскен өтініштер негізінде аулалардағы жарық шамдарын көлегейлеген ағаш бұталары кесіліп, қураған және сынған ағаштар тазартылды. Мұндай жұмыстар қаланың көркін жақсартып қана қоймай, қауіпсіздікті де қамтамасыз етеді.

Қала көшелерінде тазалық сақтау — күн тәртібіндегі басты бағыттардың бірі. Арнайы техникалар мен жұмысшылардың қатысуымен көшелерді тазалау, арамшөптерді ору және жинау жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, О.Жарылқапов, Баялиев, Аягөз, Алматы көшелері мен Кентау тасжолы бойында орналасқан жасыл аймақтарда суғару шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Мекеме мамандарының айтуынша, қаладағы көгалдандыру және инфрақұрылымдық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Түркістанды гүлденген, экологиялық таза және заманауи талаптарға сай қалаға айналдыру — басты мақсат. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде Түркістан күн сайын жаңарып, тұрғындар мен қонақтарға жайлы өмір сүру мен демалысқа қолайлы шаһарға айналып келеді.