ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ МЕН АУДАНДАРЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобаларға арналған мәжіліс өтті. Жиында өңірдің инфрақұрылымын жаңғырту, инвестициялық тартымдылығын арттыру және қалалық ортаның сапасын жақсартуға бағытталған 9 жоба жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібінде Төлеби ауданының Ленгір қаласының сәулеттік келбетін жақсарту, сондай-ақ Біркөлік шатқалының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған ұсыныстар қаралды. Сонымен қатар Келес ауданы аумағындағы көшелер мен ғимараттардың сыртқы келбетін реттеу мәселелері де күн тәртібінен орын алды.

Түркістан қаласы бойынша бірқатар маңызды жобалар ұсынылды. Атап айтқанда, Есімхан даңғылында орналасатын жанармай құю бекеті, «Turan» арнайы экономикалық аймағы аумағындағы қонақ үй, бизнес-орталық және сауда орталығы кешені, сондай-ақ коммерциялық және медициналық нысандардың жобалары таныстырылды. Бұдан бөлек, Мәдени-рухани орталық аумағында салынатын коммерциялық нысан мен Б.Саттарханов және Есімхан даңғылдарының қиылысында жоспарланған айналма жол құрылысы да кеңінен талқыланды.

Алғашқы үш мәселе бойынша облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов баяндама жасап, жобалардың сәулеттік шешімдері мен инженерлік инфрақұрылым мүмкіндіктеріне тоқталды. Облыс әкімі мен сәулеттік кеңес мүшелері қаржылық тұрғыдан тиімді, аз шығынды қажет ететін және өңірдің бірегей келбетін сақтайтын жобаларға басымдық беру қажеттігін атап өтті.

Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебеков инвестициялық жобалардың экономикалық тиімділігі мен жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуетін таныстырды. Әбілсейіт Рабаев жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған айналма жол жобасының маңызын баяндады.

Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты тұлғаларға жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруды, сәулеттік талаптардың қатаң сақталуын және өңірдің заманауи әрі үйлесімді келбетін қалыптастыруды тапсырды. Бірқатар жобаларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар беріліп, олар қосымша пысықтаудан кейін қайта қаралатын болды.