ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ОҢ ДИНАМИКА КӨРСЕТУДЕ

Түркістан қаласында 2025 жылдың басынан бергі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсім қарқынын көрсетіп отыр. Қаланың негізгі индикаторлық жоспарлары жүйелі түрде орындалып, экономикалық белсенділік күшейген.

Сала мамандарының мәліметінше, бекітілген 77 көрсеткіштің 64-і толық орындалған, ал қалған 13 көрсеткіш жыл соңына дейін жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұл — Түркістанның даму стратегиясы кезең-кезеңімен табысты орындалып келе жатқанын дәлелдейді.

Қала экономикасының маңызды бағыттарының бірі – өнеркәсіп өндірісі.Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 29,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6,9%-ға артқан.

Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 17,8 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,5% деңгейінде қалыптасты.

Құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 155,8 млрд теңгеге жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4%-ға артық. Мұндай көрсеткіштер қаланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысының өсуіне ықпал етті.

Түркістан қаласында бөлшек сауда көлемі 69,5 млрд теңгені құрап, 116,7% өсім тіркелді. Бұл қаладағы кәсіпкерліктің белсенді дамып, ішкі тұтыну нарығының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Салықтық түсімдердің өсу қарқыны 133,9%-ды, ал әлеуметтік салық түсімдері 148,8%-ды құрады. Мұндай тұрақты қаржылық өсім қала бюджетінің мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа жобаларды іске асыруға негіз болмақ.

Бүгінде 2–6 жас аралығындағы балалардың 100%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Бұл — мектепке дейінгі білім беру саласындағы толық қамтылуды қамтамасыз ету бойынша маңызды көрсеткіш. Сондай-ақ, балаларды қосымша үйірмелер мен дамыту орталықтарымен қамту деңгейі 78%-ға жетті. Бұл — жас ұрпақтың жан-жақты дамуына және мәдени-спорттық белсенділіктің артуына мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы алғанда, Түркістан қаласы 2025 жылдың алғашқы айларында экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік дамудың оң қарқынын сақтап келеді. Қала басшылығының айтуынша, жыл соңына дейін жоспарланған жобалар толық орындалып, Түркістанның өңірлік дамудың үлгілі орталығына айналу бағыты жалғасын табады.