ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ҚАРҚЫНЫ САҚТАЛУДА

Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, өңірдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын талқылады. Кездесу барысында Әзімбек Пазылбекұлы шаһардың жыл қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштерін баяндап, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды таныстырды.

2025 жылдың нәтижесі бойынша Түркістан қаласында тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 526,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға ұлғайды. Бұл – қаланың экономикалық әлеуеті артып, өндіріс пен қызмет көрсету салаларының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 45,9 млрд теңгені құрап, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 29 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 502,7 млрд теңгеге дейін өсіп, инвестициялық белсенділік айтарлықтай артқан.

Құрылыс саласы да оң динамика көрсетті. Жыл қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 275,4 млрд теңгеге жетіп, жоспар 112,5 пайызға орындалды. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 552,6 мың шаршы метрді құрап, белгіленген межеден асты. Сауда айналымы 193,9 млрд теңгеге жетіп, жоспар 161,9 пайызға артығымен орындалды.

Қала инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 111 көше орташа жөндеуден өтіп, 48 көшеде құрылыс жалғасуда. Нәтижесінде жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 66,7 пайызға жеткізу көзделген. Сонымен қатар 328 көшеде жарықтандыру жұмыстары толық аяқталып, қамту деңгейі 92 пайызға жетті.

Жаңа шағын аудандарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Газ, су, электр және кәріз желілерін тарту арқылы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілуде.

Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту және өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ауқымды көгалдандыру жұмыстары атқарылды. 2025 жылы 36 саябақта, 80 сквер мен аллеяда, 168 көшеде және 16 жасыл алқапта абаттандыру жүргізілді. 1,4 миллионнан астам ағаш пен 410 мыңнан аса бұта отырғызылып, жасыл аймақтар көлемі едәуір ұлғайтылды. Сонымен бірге қоғамдық кеңістіктер жаңғыртылып, жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтірілді.

Есептік кездесуде облыс басшысы Түркістан қаласында қалыптасқан оң даму динамикасын атап өтіп, алдағы уақытта инфрақұрылымды кешенді жаңғырту, тұрғын үй құрылысын ұлғайту, инвестиция тарту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.