Түркістан қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында орталықтандырылған сарқынды су жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Кәріз инфрақұрылымын кеңейту – қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, экологиялық ахуалды жақсартудың және тұрақты урбанистік дамудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы тұрғындарының 36,5 пайызы, яғни 17 580 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Қала аумағында сарқынды суларды үздіксіз әрі қауіпсіз қабылдап, тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында 27 кәріздік насос станциясы тәулік бойы тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Бұл нысандар қолданыстағы жүйенің тиімді қызмет етуіне және санитарлық талаптардың сақталуына мүмкіндік беруде.
Аталған көрсеткішті кезең-кезеңімен арттыру мақсатында биыл қала аумағында 13 инфрақұрылымдық нысанда құрылыс жұмыстары басталды. Оның ішінде 8 жоба абоненттік және магистральдық кәріз желілерін салу мен кеңейтуді қамтыса, қалған 5 жоба негізгі магистральдық желілерді тартуға бағытталған. Бұл жобалар жаңа тұрғын үй аумақтарын инженерлік желілермен қамтуға, сондай-ақ қолданыстағы кәріз жүйелеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Жобалар кешенді жоспар аясында іске асырылып, құрылыс барысында заманауи технологиялар мен ұзақ мерзімге жарамды сапалы материалдар қолданылуда. Сонымен қатар, кәріз желілерін дамыту кезінде қаланың бас жоспары, тұрғындар санының өсу қарқыны және болашақтағы инфрақұрылымдық қажеттіліктер ескерілуде. Барлық жобаларды толық аяқтау 2028–2029 жылдарға жоспарланған.
Кәріз жүйесін салу және жаңғырту жұмыстары барысында қала көшелерінде қазба жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты тұрғындар үшін уақытша қолайсыздықтар туындауы мүмкін. Осы орайда қала тұрғындарынан түсіністік танытып, құрылыс кезеңіндегі уақытша қолайсыздықтар үшін алдын ала кешірім сұралады. Айта кету керек, кәріз жүйесін толық іске қосқаннан кейін барлық қазылған жолдар мен аумақтар қайта қалпына келтіріліп, бұрынғы қалпына келтіріледі.
Жалпы, орталықтандырылған кәріз жүйесін дамыту Түркістан қаласының экологиялық қауіпсіздігін нығайтып, санитарлық жағдайды жақсартуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба болып саналады. Бұл жұмыстар қаланың ұзақ мерзімді тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
