Түркістан қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Қаланың тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда бұл бағыттағы жобалардың маңызы зор. Соның ішінде орталықтандырылған кәріз жүйесін дамыту – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, санитарлық жағдайды жақсартудың және заманауи урбанистік ортаны қалыптастырудың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы тұрғындарының 36,5 пайызы, яғни 17 580 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Қала аумағында ағынды суларды үздіксіз қабылдап, тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында 27 кәріздік насос станциясы тәулік бойы тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Бұл станциялар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардан шығатын тұрмыстық қалдық сулардың талапқа сай тазартылуына мүмкіндік беріп, қоршаған ортаның ластану қаупін азайтуға бағытталған.
Кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында биыл қала аумағында 13 инфрақұрылымдық нысанда құрылыс жұмыстары қолға алынды. Оның ішінде 8 жоба абоненттік және магистральдық кәріз желілерін салу мен кеңейтуге бағытталған. Ал қалған 5 жоба негізгі магистральдық желілерді тартуды көздейді. Аталған жұмыстар жаңа тұрғын үй массивтерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға, сондай-ақ қолданыстағы желілерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Барлық жобалар кешенді жоспар аясында жүзеге асырылуда. Құрылыс барысында заманауи технологиялар қолданылып, ұзақ мерзімге төзімді, сапалы материалдар пайдаланылуда. Сонымен қатар, кәріз желілерін жобалау кезінде қаланың бас жоспары, тұрғындар санының өсуі және болашақта инфрақұрылымға түсетін жүктеме толық ескерілген.
Аталған жобаларды толық аяқтау 2028–2029 жылдарға жоспарланған. Жобалар іске асырылғаннан кейін орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абоненттер саны едәуір артып, коммуналдық қызметтердің сапасы жақсарады. Бұл өз кезегінде қаладағы санитарлық-экологиялық жағдайды оңалтып қана қоймай, Түркістанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етпек.
