ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ИНДУСТРИЯЛЫҚ ДАМУ ҚАРҚЫН АЛУДА

Түркістан қаласында экономиканы әртараптандыру және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл ретте «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аясында іске асырылып жатқан жобалардың маңызы ерекше. Бүгінде арнайы экономикалық аймақ құрамында 6 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр. Соның бірі тікелей Түркістан қаласының аумағында орналасқан.

Аталған өнеркәсіптік аймақта жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар толық қуатына енген жағдайда, 4 500 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өндірістік әлеуетті арттыруға және шағын әрі орта бизнестің дамуына серпін береді.

Жалпы, 2025 жылы Түркістан қаласында халықты жұмыспен қамту бағытында кешенді шаралар қабылданып, жыл соңына дейін 14 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген. Бұл мақсатта жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестициялық жобаларды қолдау, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғындарды еңбек нарығына тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде бірқатар бағыттар бойынша жоспарлы көрсеткіштер артығымен орындалып отыр. Әсіресе, индустриялық жобалар аясында ашылған жұмыс орындары қаладағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және халықтың табысын арттыруға оң ықпал етуде. Сонымен қатар, өндіріс көлемінің ұлғаюы қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түсуде.

Бүгінде Түркістан қаласы тек рухани орталық қана емес, сонымен қатар заманауи индустриялық және іскерлік қала ретінде қалыптасу жолында. «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аясындағы өнеркәсіптік жобалар осы мақсатқа жетудің нақты тетігіне айналып, қаланың тұрақты дамуына берік негіз қалап отыр.

Жалпы алғанда, Түркістан қаласында іске асырылып жатқан индустриялық және жұмыспен қамту жобалары тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы дамытуға және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған маңызды бастамалар ретінде бағаланады.