ТҮРКІСТАН: ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕРДІ АРАЛАП, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІЛІКТЕРМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, экономиканы әртараптандыру және шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнату жұмыстары тұрақты жалғасуда. Облыс әкімінің Нұралхан Көшеровтың тапсырмасымен өңірде ауқымды инвестициялық жобалар мақұлданып, кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Осы аясда Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бастаған ресми және бизнес делегация облыс орталығындағы өндірістік аймақтарды аралады. Делегацияны Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов, сондай-ақ индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы міндетін атқарушы Қанат Шонбасов және сала мамандары қарсы алып, өңірдің инвестициялық әлеуетімен таныстырды.

Алдымен шетелдік мейман делегациясы «Түркістан» индустриалды аймағы мен «Turan» арнайы экономикалық аймақтарын аралады. Өндіріс алаңдарында «Түркістан Текстиль» ЖШС мақта-тоқыма кластері, құбыр шығаратын зауыт және бір реттік ыдыс өндіретін «Dala Pack» кәсіпорнының жұмыс барысы көрсетілді. Инвесторлар зауыттардың өндіріс мүмкіндіктерін қарастырып, жұмыс жүйесін оң бағалады.

Келесі аялдама шағын өндірістік парктер болды. Мұнда жиһаз өндірісі, тоңазытқыш шығаратын кәсіпорын, есік және дрон шығаратын өндірістердің жұмыс барысы, инфрақұрылым жүйелері таныстырылды. Сонымен қатар көкөніс сақтау қоймасы және тамшылатып суару жүйелерінің тиімділігі көрсетіліп, инвесторларға жасалатын қолдау және ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.

Айта кету керек, шетелдік компания өкілдері Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумға да қатысты. Форум аясында өңірдің дамуына серпін беретін бірқатар жобалар бойынша ынтымақтастық меморандумдары жасалып, инвестициялық жобаларды іске асыру бағыттары талқыланды. Бұл шаралар Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру, шетелдік компаниялармен экономикалық байланыстарды нығайту, өндіріс орындарын көбейту және кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

2025–2028 жылдар аралығында облыста 111 инвестициялық жобаның іске асуы жоспарланып отыр. Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің экономикалық қуаты едәуір артады. Биыл жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өткізілді, сондай-ақ Қытай, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды.

Түркістан облысы индустриалды инфрақұрылымды дамыту, шетелдік инвестицияларды тарту және өндірістік кәсіпорындарды кеңейту арқылы экономикалық өсімнің тұрақты бағытын қалыптастырып отыр. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы тек өнеркәсіп секторымен шектелмей, ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылым салаларын дамытуға да серпін береді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Түркістанның экономикалық әлеуетін арттырып, өңірдің ірі инвестициялық хабқа айналуына мүмкіндік туғызады.