Түркістан облысында өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы орайда Түлкібас ауданында «Бәйтерек-2030 KZ» ЖШС заманауи тауарлы бетон өндіретін құрылғыны Қытай елінен алғызып, өндірісті ресми түрде іске қосты. Кәсіпорын жұмысына аудан әкімі Асқар Естібаев салаға жауапты мамандарымен арнайы барып, өндіріс барысымен танысты.
Жабағылы ауылы маңында орналасқан карьер толық жұмыс режиміне көшіп, ірі тасты ұнтақтауға арналған заманауи қондырғы орнатылды. Құрылғы жылына 60-70 мың тонна бетонға қажетті шикізатты өндіруге қабілетті. Ал бетон өндірісі Ақбиік ауылында жүзеге асырылуда. Орта есеппен, жылына 62 млн теңге көлемінде тауарлы бетон шығарылады. Сонымен қатар, кәсіпорын құрылысқа қажетті құм, құм аралас тас және майда тас (щебень) өндіруді қамтамасыз етеді.
Аудан басшысы Асқар Естібаев кәсіпкердің жаңа бастамасына сәттілік тіледі және мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Бұл кәсіпорын іске қосылғаннан кейін шағын өндіріс кеңейіп, қосымша 10 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұған дейін ауданда дәл осы бағыттағы өндіріс болмағандықтан, бұл жаңа кәсіпорын құрылыс саласына тың серпін беретін маңызды өндіріс ошағы болып отыр.
Жаңадан іске қосылған кәсіпорынның артықшылықтары айқын:
- Жергілікті нарықты сапалы құрылыс материалымен қамтамасыз ету,
- Логистикалық шығындарды азайту,
- Жаңа жұмыс орындарын ашу,
- Құрылыс индустриясын дамытуға серпін беру.
Сонымен қатар кәсіпорынның іске қосылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмысқа орналасып, өңірдің құрылыс саласындағы қажеттіліктері тиімді әрі сапалы түрде қамтамасыз етіледі.
Түлкібас ауданында алғаш рет іске қосылған бұл тауарлы бетон өндірісі, заманауи технологияларды қолдана отырып, өңірдегі өндірістік әлеуетті арттырып, жергілікті экономика мен құрылыс секторын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

