Түркістан облысында халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде Созақ ауданының Сызған ауылдық округіне қарасты Қайнар және Басбұлақ елді мекендерінде балаларға арналған жаңа ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Жаңа нысандардың ашылуына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков пен аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады. Олар өз сөздерінде мұндай жобалардың балалардың денсаулығы мен дамуына, сондай-ақ ауылдық жерлердегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына үлкен әсер ететінін атап өтті. «Әрбір ауылда балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада ойнап, белсенді өмір салтын ұстануы – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Осындай нысандардың көбеюі – ауылдың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатының артуының айғағы», – деді аудан әкімі. Балалар алаңшалары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда түрлі әткеншектер, сырғанақтар, спорттық құралдар орнатылып, қауіпсіздік шаралары толық сақталған. Алаңшалар айналасы абаттандырылып, жарық шамдар мен демалыс орындықтары орнатылған. Ауыл тұрғындары мен ата-аналар балаларға қуаныш сыйлаған игі іске ризашылықтарын білдіріп, бұл бастаманың ауыл өміріне жаңа серпін бергенін айтты. Ал бүлдіршіндер жаңа ойын алаңдарын шаттыққа толтырып, ән салып, би билеп, қуанышын жасыра алмады. Мұндай жобалар ауылдық жерлердің тартымдылығын арттырып, тұрғындардың ауылда тұрақтауына ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл – жергілікті экономиканың дамуына, құрылыс және қызмет көрсету салаларының жандануына оң әсерін тигізеді. Созақ ауданындағы жаңа балалар ойын алаңшалары – өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты істердің бірі. Бұл – Түркістан облысында жүргізіліп жатқан әлеуметтік инфрақұрылымдық саясаттың нәтижелі жүзеге асып жатқанын дәлелдейді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
