Түркістан облысының Сауран ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа №5 жалпы орта мектеп өз есігін айқара ашты. 600 оқушыға арналған бұл заманауи білім ордасы – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа нысанның маңыздылығын атап өтті.
– Баршаңызды жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын! Сауран – тарихы терең, халқы еңбекқор өңір. Бүгін бұл ауданда «Келешек мектептері» жобасы аясында үшінші мектеп іске қосылып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек» деген тапсырмасы негізінде бұл жоба еліміздің болашағына бағытталған үлкен инвестиция. Республика бойынша 217 мектеп салынуда, соның 29-ы біздің өңірде орналасқан. Бүгінде Түркістан облысында 550 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Бұл – өңірдің демографиялық және әлеуметтік дамуының айқын көрсеткіші, – деді аймақ басшысы. Жаңа мектептің құрылысы 2023 жылы басталып, 2025 жылы толық аяқталды. Жалпы аумағы 3 гектар, ғимараттың пайдалы ауданы 8 334 шаршы метрді құрайды. Үш қабатты нысан бір ауысымда 600 оқушыны қабылдай алады. Мектепте 30 орындық оқу залы бар кітапхана, 180 орындық асхана, спорт және акт залдары, 3 шеберхана, медициналық пункт, заманауи жабдықталған оқу кабинеттері қарастырылған. Шараға қатысушылар жаңа мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттері мен спорт залдарын аралады. Сарапшылардың пікірінше, жаңа мектептің ашылуы ауыл жастарының білім сапасын арттырумен қатар, инновациялық және кәсіптік бағыттағы білім беруді дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде Сауран ауданында 60-тан астам мектеп жұмыс істейді, онда 24 мыңнан астам оқушы білім алады. Аудандағы халық саны мен оқушылар қатары жыл сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа білім ошақтарын салуды талап етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысында жалпы 29 «Келешек мектебі» бой көтерді. Оның 13-і былтыр пайдалануға берілсе, биылғы оқу жылынан бастап тағы 10 мектеп іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 6 жаңа нысан ел игілігіне берілмек. Бұл жоба тек әлеуметтік салада ғана емес, өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін арттыруда да маңызды рөл атқарады. Жаңа мектептердің салынуы құрылыс саласына серпін беріп, жергілікті кәсіпорындар мен жұмысшыларға қосымша табыс көзі ашылды. Сонымен қатар, инфрақұрылымның дамуы ауылдарға инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым тартуға, жаңа тұрғын үйлер мен шағын кәсіпорындардың ашылуына негіз қалайды.
