Түркістан облысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жобасы аясында Сарыағаш ауданында кең көлемді сенбілік өтті. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихат депутаты Жәнібек Сүлейменов, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқарма басшысы Тоқтар Усубалиев, сондай-ақ студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер мен еріктілер белсенді қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов сенбіліктің маңыздылығын атап өтіп, экологиялық мәдениет пен табиғатты қорғау арқылы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға шақырды:
«Сарыағаш – туристік әлеуеті жоғары, табиғаты көркем өңір. Қоғамдық белсенділік пен тазалыққа мән беру — тек эстетикалық сұрақ емес, сонымен қатар инвестициялық ахуалды жақсартуға, туристік және кәсіпкерлік тартымдылықты арттыруға бағытталған маңызды шара. Біріккен еңбек өңірдің дамуына серпін береді».
Сенбілік барысында 11 мыңға жуық ағаш көшеттері егілді. Қатысушыларға тазалық жұмыстарын жүргізу үшін 1000-ға жуық қап, қолғап, тырма, күрек секілді құрал-жабдықтар берілді. Аудан бойынша 3000-нан астам тұрғын белсенділік танытып, қоршаған ортаны абаттандыруға үлес қосты. Сонымен қатар арнайы коммуналдық техника жұмылдырылып, жиналған қоқыстар белгіленген орындарға шығарылды.
Сенбілік аясында Сарыағаш қаласы және 13 ауылдық округ бойынша республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, ішкі көшелер мен қоғамдық орындарда кең ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Күл-қоқыстар жиналып, арамшөптер шабылды, қураған бұтақтар алынып, арық-атыздар тазартылды. Бұл шаралар қоршаған ортаны жақсартумен қатар, аймақтың экологиялық және экономикалық дамуына ықпал етеді, себебі абаттандырылған аймақтар туристік және кәсіпкерлік инвестицияларға тартымды болады.
Айта кетсек, сенбіліктің негізгі мақсаты – аумақты көгалдандыру, қоғамдық орындарды таза ұстау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл шаралар Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыруға, экотуризмді дамытуға және инвесторларды тартуға бағытталған тұрақты даму стратегиясының бір бөлігі болып табылады.
Қорытындылай келе, «Таза Қазақстан» акциясы тек экологияны сақтау ғана емес, өңірдің экономикалық дамуын, кәсіпкерлік тартымдылығын және әлеуметтік жауапкершілігін күшейтетін кешенді шара ретінде маңызды рөл атқарады.
