ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТАҒЫ ШАЛҒАЙ АУЫЛДАР ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтеріндегі бірқатар шалғай елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Жаңа нысанның іске қосылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Аудан басшысы Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарын қуаныштарымен бөлісіп, жаңа жүйенің маңыздылығына тоқталды. – Тәуелсіздік күні қарсаңында шалғай елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуі – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы табанды еңбегінің нақты нәтижесі. Мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – елдің әл-ауқатын көтеруге, өңірдің дамуына ықпал ететін маңызды қадам, – деді ол.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылған жоба арқылы Әлімтау ауылдық округінің Тасқұдық, Жылға ауылдық округінің Шеңгелді және Дарбаза ауылдық округінің Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС сапалы әрі уақытында орындады.

Сарыағаш ауданында қазіргі таңда 1 қала және 13 ауылдық округ бар, олардың аумағында жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілген. Бұған дейін орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендер үлесі 79,3 пайыз болса, Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс ауылдарына су берілгеннен кейін бұл көрсеткіш 85,7%-ға жеткен еді.

Бүгін іске қосылған Сарысу, Тасқұдық және Шеңгелді ауылдарындағы ауыз су жүйесінің арқасында тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға жетіп, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 93,7%-ға дейін артты. Бұл жоба тұрғындардың тұрмыс сапасын едәуір жақсартып қана қоймай, өңірдегі экономикалық дамуды да ілгерілететін маңызды инфрақұрылымдық бастама болып отыр.

Орталықтандырылған ауыз су жүйесінің іске қосылуы ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік дамуына, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының артуына оң әсер етеді. Сонымен қатар, бұл жобалар Сарыағаш ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірдің тұрақты әрі сапалы дамуына қосқан үлесін көрсетеді.

Түркістан облысындағы осындай әлеуметтік-экономикалық жобалар өңірдің тұрақты өсуін, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңартуды және халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуды көздейді.