ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Ақсукент кентінде орналасқан Сайрам аудандық орталық ауруханасында ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға және халыққа қолайлы әрі қауіпсіз медициналық орта қалыптастыруға бағытталған.

Аудандық орталық аурухананы жаңғырту мақсатында тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алынған. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде жөндеу сапасын арттырып, қаржының тиімді әрі мақсатты игерілуін қамтамасыз етеді.

2024 жылы мердігер ұйым – «КазЕвроСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аурухананың Б блогында орналасқан балалар бөлімшесіне толықтай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Аталған жұмыстарға облыстық бюджеттен 300 миллион теңге қаржы бөлінді. Жөндеу барысында инженерлік-коммуникациялық желілер жаңартылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, бөлімше қазіргі заман талабына сай қайта жабдықталды. Бұл балаларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Күрделі жөндеу жұмыстарының келесі кезеңін іске асыру үшін қажетті 2,8 миллиард теңге қаржы 2025 жылдың қыркүйек айында республикалық арнайы қор есебінен қарастырылды. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жөндеу барысында аурухана ғимаратының жалпы техникалық жағдайын жақсарту, инженерлік жүйелерді толық жаңарту, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру, сондай-ақ пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы еңбек және ем алу жағдайын жасау көзделген.

Жобаға сәйкес, Сайрам аудандық орталық ауруханасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Жаңғыртудан өткен медициналық мекеме заманауи талаптарға сай жабдықталып, аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсететін болады.

Аталған жоба Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жүйелі түрде дамытуға, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.