Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы Көлкент елді мекенінде табиғи газбен жабдықтау желілері пайдалануға берілді. Бұл нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті және жаңа инфрақұрылымның аймақ үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Облыс басшысы Көлкенттің газға қосылуы ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және ауылдық кәсіпкерлік пен экономикалық белсенділікті дамытуға бағытталғанын ерекше атап өтті. Ол атап өткендей, көгілдір отын ауыл тұрғындарына тек тұрмыстық жағдайын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығын дамытуға да қосымша мүмкіндіктер береді.
«Бұл – әр отбасының тұрмысын жайлы етуге және экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізетін маңызды қадам. Көлкент тұрғындары еңбекқор және іскер. Көгілдір отын оларға қосымша мүмкіндіктер беріп, ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді», – деді Нұралхан Көшеров.
Бүгінгі таңда Сайрам ауданындағы 42 елді мекеннің 37-сі табиғи газбен қамтылып, қамту деңгейі 88 пайызға жеткен. Облыс әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін артады, бұл ауылдық аумақтардың өмір сүру сапасын едәуір жақсартады.
2025 жылы облыста табиғи газ тарту мақсатында 80 жоба қаржыландырылған. Биыл олардың 46 жобасының құрылысы аяқталып, 37 нысан пайдалануға берілді. Қалған 9 жоба жыл соңына дейін толық іске қосылады. Нәтижесінде, биыл қосымша 43 елді мекен немесе 73 мың тұрғын көгілдір отынмен қамтылатын болады. Бұл көрсеткіш облыстағы жалпы газдандыру деңгейін 75 пайызға жеткізеді.
Облыстық газдандыру бағдарламасы 2027 жылға дейін жоспарланған. Жоспар бойынша алдағы үш жылда газдандырылған елді мекендер саны 765-ке дейін жеткізіледі, бұл ауылдық аумақтардың экономикалық дамуына, инвестициялық тартымдылығын арттыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін күшейтуге елеулі серпін береді.
Көлкенттегі табиғи газ желілерінің іске қосылуы – тек тұрмыстық жайлылықты қамтамасыз етумен шектелмей, Түркістан облысының экономикалық даму стратегиясына сәйкес инвестициялық және кәсіпкерлік әлеуетті арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба болып отыр. Ауылдық елді мекендерді газбен қамтамасыз ету өңірдегі өндірістік, ауылшаруашылық және шағын бизнес салаларының дамуына ықпал етеді. Жаңа инфрақұрылым арқылы жергілікті кәсіпкерлер өндірістік қуаттарын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін жақсарта алады. Сонымен қатар, экологиялық таза энергия көзін пайдалану табиғи ресурстарды үнемдеуге және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы үшін бұл жоба – инфрақұрылымдық даму мен экономикалық өсу стратегиясының маңызды бөлігі, ауылдық аумақтардың әлеуетін толық іске асыруға және инвесторларды тартуға арналған нақты қадам ретінде бағаланады.
