ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ЖАҢА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Түркістан облысында халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Заманауи медициналық технологияларды енгізу, ауылдық елді мекендерде сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету – өңір дамуының басты басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылында іске асырылды. Бүгін мұнда жаңа дәрігерлік амбулатория ресми түрде пайдалануға берілді.

Жаңа медициналық нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады. Аймақ басшысы мемлекет тарапынан әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, әсіресе денсаулық сақтау саласын жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларына нақты тапсырмалар жүктегенін еске салды.
Халықтың өмір сапасын арттыру – біздің негізгі міндетіміз. Әрбір тұрғынның сапалы медициналық қызметке қол жеткізуі өңір дамуының стратегиялық бағыты болып қала береді. Түркістан облысы бүгінде еліміздегі серпінді дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 34 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы жүргізілді. Бүгін соның бірі – Қараспан дәрігерлік амбулаториясын ел игілігіне ұсынып отырмыз. Бұл нысан ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға, медициналық қызмет сапасын арттыруға өз үлесін қосады деп сенемін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Аталған медициналық нысанның құрылысы 2024 жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын «Лидер Строй» ЖШС жүргізді. Жаңа амбулатория Түркістан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты Ордабасы орталық аудандық ауруханасы ШЖҚ МКК теңгеріміне берілді. Жобаның жалпы құны – 201 млн теңге.

0,25 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы көлемі 376,9 шаршы метрді құрайды. Мұнда 52 медицина қызметкері еңбек етеді. Дәрігерлік амбулатория заманауи талаптарға сай салынған және барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Нысанда тіс дәрігері, физиотерапия, акушер-гинекология кабинеттері, кеңейтілген мейіргер бөлмесі, тегін дәрі-дәрмек беру орны, дені сау бала кабинеті, күндізгі стационар, сүзгі, екпе және ине егу бөлмелері, дәрі-дәрмек қоймасы, сондай-ақ педиатр, психолог және әлеуметтік қызметкерлерге арналған арнайы кабинеттер жұмыс істейді.

Дәрігерлік амбулатория бір мезетте 100 адамға дейін қабылдай алады. Қараспан ауылдық округіне қарасты елді мекендерде тұратын 14 мыңнан астам тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.