ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫНА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРДЫ ТАРТУ БОЙЫНША ЖАҢА КЕЗЕҢ

Түркістан облысы соңғы жылдары экономиканың түрлі саласында серпінді дамып, инвестициялық тартымдылығын күшейтіп келеді. Өңірге шетелдік капитал тарту, жаңа технологияларды енгізу және өнеркәсіптік әлеуетті арттыру мақсатында жүйелі түрде іскерлік кездесулер ұйымдастырылып келеді. Осындай маңызды шаралардың бірі ретінде Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов пен «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдерінің қытайлық инвесторлармен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Қытайдың «Jinhao Group» және «Hunan Jumper Holding Co., Ltd.» секілді құрылыс индустриясында тәжірибесі мол компаниялармен ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды. Тараптар өңірдің құрылыс саласы бойынша әлеуетін бағалап, жаңа технологиялық шешімдерді енгізу, бірлескен өндіріс ашу, инновациялық материалдар шығару жөнінде келіссөздер жүргізді. Түркістан облысының ашық инвестициялық саясаты мен қолайлы жағдайлары инвесторлардың қызығушылығын арттырып отыр.

Инвесторлар аймақ аумағында капсулалы үйлер және металлоконструкциялар құрастыру жобаларын жүзеге асыруға дайын екенін білдірді. Әлемдік трендке айналған модульді құрылыс технологиялары Түркістанда тұрғын үй мәселесін жедел шешуге, құрылыс нарығын әртараптандыруға және заманауи архитектуралық шешімдер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Jinhao Group» компаниясының әлеуеті ерекше атап өтілді. Бұл ұйым – Қытайдың Харбин қаласында орналасқан, энергия үнемдейтін әрі оқшаулаушы құрылыс материалдарын өндіретін ірі кәсіпорын. Компания ғылыми-зерттеу жұмыстары, жобалау, өндіріс және монтаждау қызметтерін біріктіре отырып, жасыл құрылыс пен экологиялық технологияларға басымдық береді. Осындай тәжірибенің Түркістанға енгізілуі өңірдің құрылыс индустриясын жаңа деңгейге көтермек.

Кездесу барысында инвесторлар «Turan» арнайы экономикалық аймағы және Түркістан индустриялық аймақтарындағы кіші өнеркәсіп алаңдарының мүмкіндіктерімен танысты. Бұл аймақтарда инфрақұрылым толықтай дайындалған, бизнес жүргізуге барынша қолайлы жағдай жасалған. Мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық жеңілдіктер және логистикалық тиімділіктер шетелдік компаниялар үшін тартымды мүмкіндік болып отыр.

Тараптар алдағы уақытта әріптестікті күшейту, бірлескен жобаларды нақтылау және жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты. Бұл жұмыстар Түркістан облысының индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, өңір экономикасына қосымша серпін бермек.

Түркістан облысы үшін мұндай халықаралық әріптестік – өңірдің өркендеуі мен технологиялық жаңғыруының маңызды тетігі. Шетелдік инвестициялардың келуі жаңа жұмыс орындарын ашып, құрылыс нарығын жандандырып, өңірдің экономикалық қуатын арттыруға бағытталған нақты қадам болып табылады.