Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «China Wuhan Chengye Culture & Tourism Co., Ltd.» компаниясының заңды өкілі Чен Гаомен ZOOM платформасы арқылы онлайн кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар өңірге инвестиция тарту, мәдени-туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ екіжақты әріптестікті дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Кездесу барысында тараптар нақты жобалардың жүзеге асырылу мерзімдері, инвестициялық тиімділік пен әлеуметтік-экономикалық әсері жөнінде пікір алмасты.
Аймақ басшысы Түркістан облысының республика көлемінде инвестиция тарту бойынша көшбасшы өңірлердің бірі екенін атап өтті. Соңғы жылдары өңірде іске асырылған ірі инвестициялық жобалар мен қолайлы инвестициялық ахуалдың тиімділігін түсіндірді. Сондай-ақ, инвесторларға индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық алаңдардың мүмкіндіктерін, инфрақұрылымдық қолдау мен мемлекеттік жеңілдіктерді толық мәліметпен жеткізді. Түркістан облысы инвесторларға барлық қажетті ақпаратты ұсынып, жобаларды жүзеге асыру үшін толық техникалық, заңдық және әкімшілік қолдауды қамтамасыз етеді.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, нақты жобаларды іске асыруға ниетті екенін білдірді. Атап айтқанда, мәдени-туризм саласында бірлескен жобалар өңірдің инвестициялық портфелін кеңейтіп, жұмыс орындарын құруға, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл бағытта туристік кластерлерді дамыту, жаңа қонақүй кешендері мен мәдени-ойын-сауық орталықтарын құру, сондай-ақ өңірдің тарихи және мәдени нысандарын халықаралық деңгейде насихаттау жоспарланған.
Айта кету керек, 2025 жылдың 11 айында Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 1,4 трлн теңгеге жетіп, өсім 123%-ды құрады. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының нақты серпін алғанын және жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік туғызғанын дәлелдеді. Нәтижесінде шамамен 146 мың жаңа жұмыс орны ашылып, инвестиция нақты экономикаға айналды. Жобалардың іске асуы тұрақты табыс пен салық базасын қалыптастыруға, облыстың дотациялық тәуелділігін төмендетуге және экономикалық тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Түркістан облысында индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық алаңдар белсенді дамып келеді. Бұл аймақтарда заманауи өндіріс орындары мен кәсіпорындар іске қосылып, өндіріс көлемі артты. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылып, экспорттық әлеует кеңейтілуде. Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарда іске асырылған жобалар инвестициялық кезеңнен өтіп, нақты қаржылық қайтарым беретін фазаға жетті.

