Бүгінгі таңда Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі – ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл бағытта өңірдің барлық аудандарында инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, бірқатар шаралар қабылданып келеді. Соның ішінде Түлкібас ауданында да соңғы жылдары ауыз су тапшылығын жоюға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты сала мамандарымен бірге бірнеше ауылды аралап, атқарылған және жалғасып жатқан жобалардың барысын бақылады. Күмісбастау ауылында тау бөктеріндегі бұлақ көзінен 1,8 шақырым қашықтықта 200 миллиметрлік диаметрдегі жаңа құбыр тартылды. Бұлақ басында суды жинақтау мақсатында бетондау жұмыстары аяқталып, қазір жүйені ауыл су торабына қосу кезеңі жүріп жатыр. Жобаның жалпы орындалуы – 80 пайыз. Көктерек ауылында шамамен 120 түтін тұрады. Мұнда да ауыз су тапшылығы өзекті болған. Қазіргі таңда ұңғыма қазылып, мұнара мен трансформатор орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысан толық аяқталған соң ауыл орталық су жүйесіне қосылады. Састөбе кентінде су ұңғымасы қазылып, трансформатор орнату жұмыстары толық аяқталды. Енді істен шыққан екі мұнара қалпына келтіріліп, қосымша екі жаңа мұнара орнатылады. Сондай-ақ ескірген су реттегіш тетіктер жаңартылмақ. Жоба бүгінде 40 пайыздан астам орындалған. Жыланды ауылында бұрын мүлдем су жүйесі болмаған 28 үйге тіршілік нәрі жеткізілді. Ауыл шетінен жаңа ұңғыма қазылып, су мұнарасы орнатылып, аумағы толық қоршалды. Бұл жерде жұмыстардың 80 пайызы орындалды. Жалпы алғанда, атқарылып жатқан бұл жобалар – тек тұрмыстық мәселені шешу емес, өңірдің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам. Ауыз су – ауыл шаруашылығының, тұрмыс сапасының және демографиялық өсімнің негізгі факторы. Сондықтан Түркістан облысының даму бағдарламасында сумен қамту жобалары инфрақұрылымдық және инвестициялық саясаттың басты бағыты болып табылады. Бүгінде Түлкібас ауданында бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін беруде. Алдағы уақытта да ауылдық жерлердегі инженерлік желілерді жаңарту, су көздерін ұлғайту және су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы тұрғындардың өмір сапасын арттыру көзделген.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
