ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – ӨҢІРЛІК ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМНІҢ ЖАҢА БАСТАМАСЫ

Түркістан облысы өңірлік экономика мен трансшекаралық әріптестікті дамыту бағытында маңызды қадамдар жасауда. Осы орайда облыс делегациясының Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары екі ел арасындағы туризм, көлік және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге тың серпін берді. Сапардың басты мақсаты – Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы экономикалық және туристік өзара байланысты нығайту, ортақ жобаларды жүзеге асыру және жаңа инвестициялық бастамаларды қолдау болды. Делегация құрамында туризм және көлік инфрақұрылымына жауапты басқарма өкілдері, туристік компания басшылары мен қонақүй индустриясының мамандары бар. Кездесулер барысында тараптар туризм саласын дамыту мен логистикалық байланысты жетілдірудің нақты бағыттарын айқындады. Түркістан облысының географиялық орналасуы мен мәдени әлеуеті өңірді Орталық Азиядағы ірі туристік және экономикалық орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Облыс аумағында 1780-нен астам тарихи және мәдени нысан, төрт ерекше қорғалатын табиғи аумақ орналасқан. Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген және жыл сайын мыңдаған шетелдік туристің қызығушылығын тудырады. Түркістан халықаралық әуежайының жылдық өткізу қуаты 3 миллион жолаушыға жетеді. Бұл көрсеткіш өңірдің көлік-логистикалық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тараптар Түркістан мен Өзбекстан қалалары арасында жаңа тікелей әуе рейстерін ашу және «жасыл дәліздер» ұйымдастыру арқылы туристер мен инвесторлардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге уағдаласты. Сонымен қатар, өңір басшылығы «Түркістан – Үргеніш – Түркістан» бағыты бойынша әуе қатынасын іске қосу, сондай-ақ автокөлік және теміржол қатынастарын жетілдіру мәселесін көтерді. Мұндай жобалар тек туризмді ғана емес, аймақаралық сауда мен инвестициялық айналымды да арттыруға бағытталған. Қос тараптың «Uzbekistan Airways», «Silk Avia» және «Qanat Sharq» әуе компанияларымен келіссөздер жүргізуі – туризм мен логистиканы ұштастыратын жаңа серіктестіктің негізін қалады. Болашақта бірлескен маркетингтік бағдарламалар, туристік бағыттарды ілгерілету және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге аспақ. Мамандардың пікірінше, Түркістан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық өңірлік экономикалық өсімнің жаңа кезеңін бастайды. Бұл серіктестік жаңа жұмыс орындарын құруға, шағын және орта бизнесті дамытуға және екі ел арасындағы сауда айналымының көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. Түркістан облысы бүгінде Қазақстанның инвестициялық картасында айрықша орынға ие. Өңірдің көлік, туризм және инфрақұрылым саласындағы мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – аймақтың тұрақты экономикалық дамуы мен халықаралық деңгейдегі беделін арттырудың кепілі.