Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету» жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысында инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағытта облыс бойынша тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған кешенді шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, Келес ауданында ауыз су жүйесін жаңғырту және жаңа желілер тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өткізген брифингте баяндады. Қазіргі таңда Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Яғни, жалпы халықтың 77 пайыздан астамы таза ауыз сумен қамтылған. Қалған 19 елді мекеннің 15-інде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, ал 4 елді мекен экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан балама шешімдер қарастырылуда. Жалпы құны 10,4 млрд теңгені құрайтын жобалар аясында 12 ауылда су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың қатарында Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Кеңдала, Көгерту, Ақжар, Қосөткел және өзге де елді мекендер бар. Қазіргі уақытта Кеңдала, Ақжар, Көгерту және Оңтүстік ауылдарында құрылыс аяқталып, жүйелерді тазалау және сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Ал Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Ескіқорған және Құйған елді мекендерінде абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Аудан бойынша 278 шақырым жаңа су құбыры тартылып, 2,6 шақырым тереңдікте ұңғымалар қазылған. Бұл көрсеткіш мыңдаған тұрғынның таза ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік беріп, ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Брифинг барысында аудан әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев: «Бұл ауылдардың барлығында құрылыс сапасына ерекше назар аударып отырмыз. Басты мақсат — тұрғындарға үздіксіз әрі сапалы ауыз су жеткізу. Барлық нысандар техникалық және санитарлық талаптарға сай салынуда», – деді. Дегенмен, кейбір ауылдық аумақтарда жер асты суларының төмендеуі және ұңғымаларда құмның көбеюі сияқты табиғи қиындықтар туындап отыр. Осыны ескере отырып, 2025–2027 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. Бұл жоспарға сәйкес жаңа ұңғымалар қазу, ескі жүйелерді жаңғырту және автоматтандыру, сондай-ақ тұрғындар арасында суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Келес ауданындағы ауыз сумен қамту инфрақұрылымын дамыту – тек әлеуметтік мәселе емес, сонымен қатар экономикалық тұрақтылық пен инвестициялық тартымдылықты арттырудың маңызды факторы. Таза ауыз суға қолжетімділік жаңа тұрғын үйлердің салынуына, өндіріс орындарының ашылуына және ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
