Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және қаржыландыру жүйесін жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы бастаған делегациямен кездесті.
Кездесуде тараптар өңірдің инвестициялық әлеуетін, ағымдағы жобалардың қаржыландырылу барысын және алдағы жоспарларды талқылады.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде Түркістан өңірі соңғы жылдары республика бойынша инвестиция тартуда айтарлықтай өсім көрсетіп отырғанын атап өтті:
«2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыста 33 инвестициялық жоба іске қосылып, 4 793 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 48 жобаға жетеді деп жоспарлануда. 2028 жылға дейін жалпы құны ондаған миллиард теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобаның пулы дайындалды. Бұл 23 915 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары қаржыландыру барысында туындайтын бірқатар кедергілер мен түйткілдерге назар аударып, шешу жолдарын ұсынды. Халық тығыз орналасқан аудандарда қаржылық кеңес беру орталықтарын ашу және шағын кәсіпкерлерге арналған несиелендіру бойынша ақпараттық қолдау кеңселерін ұйымдастыру бастамасы талқыланды.
Өз кезегінде Жандос Шайхы Түркістан облысына сапары барысында бірқатар өндіріс және ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысқанын айтты. Оның айтуынша, биылғы жылы «Бәйтерек» холдингі арқылы өңірден жалпы құны 500,8 млрд теңге болатын 6 жоба мақұлданған. Бұл жобалар қайта өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және агроөнеркәсіптік кешен салаларына бағытталған.
«Біздің басты мақсат – өңірлердегі шағын және орта бизнесті дамытуға нақты қолдау көрсету. Сол үшін біз екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер ұсыну тетіктерін кеңейтуді көздеп отырмыз», – деді Жандос Шайхы.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, Түркістан облысында инвестициялық жобаларды қолдау мен дамытуға бағытталған бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітті.
Бұл келісім – Түркістан өңірінің экономикалық өсіміне серпін беріп, инвестиция тарту ісін жаңа деңгейге шығаратын маңызды қадам.
