Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, өңір экономикасының дамуына тың серпін беретін ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары сыртқы экономикалық байланысты дамыту нәтижесінде әрбір инвестор үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын алаңшалар қарастырылған. Мұндай алаңшалар мемлекеттік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, салықтық жеңілдіктер де қарастырылған. Бұл шаралар инвесторларға тиімді жағдай жасап қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Өңірдегі инвестициялық әлеует жан-жақты зерделеніп, экономикаға серпін беретін 111 инвестициялық жобаны қамтитын толық пул әзірленген. Жобалардың жалпы құны 2,6 трлн. теңгеге бағалануда. Инвестициялардың негізгі басымдықтары – энергетика саласын дамыту және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу болып отыр. Жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 24 мың жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд. теңге салық түсуі жоспарланып отыр.
Биыл 340 млрд. теңгеге 58 жобаны іске асыру көзделген, олардың нәтижесінде 8 220 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс. 2025 жылдың 10 ай қорытындысы бойынша 41 жоба іске қосылып, 180 млрд. теңге инвестиция тартылған, 5 322 жаңа жұмыс орны құрылды. Осылайша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңір экономикасына 10 айда 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылып, өсім 124,2 пайызды құрады.
Сондай-ақ, шетелдік инвесторлармен тұрақты келіссөздер жүргізіліп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Түркістан облысының әкімдігі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, жаңа өндірістер ашу және экономиканы әртараптандыруға баса мән беріп отыр. Бұл бағыттағы бастамалар инвестициялық климатты жақсартып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын нығайтуға мүмкіндік беруде.
