ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕНІМ АРТЫП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ЖЕДЕЛДЕУДЕ

Түркістан облысында инвестиция тарту бағытындағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін беріп отыр. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан белсенді инвестициялық саясаттың арқасында 2025 жылдың 11 айының қорытындысымен негізгі капиталға 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Осылайша жылдық жоспар мерзімінен бұрын орындалды.

Бұл көрсеткіш Түркістан облысының инвесторлар үшін сенімді әрі тұрақты өңірге айналып келе жатқанын айғақтайды. Инвестициялық белсенділіктің артуы өңір экономикасының нақты секторын жандандырып, өндіріс, сауда, логистика және қызмет көрсету салаларында жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Биыл өңірде 58 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, нәтижесінде 8 190 жаңа жұмыс орнын құру көзделді. 11 айдың өзінде 44 жоба пайдалануға беріліп, 6 637 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл инвестициялардың әлеуметтік әсері жоғары екенін, яғни экономикалық өсіммен қатар халықтың табысын арттыруға бағытталғанын көрсетеді.

Инвестициялық серпін сауда саласында да айқын байқалуда. 2025 жылдың 11 айында сауда көлемі 787,9 млрд теңгеге жетіп, өсім қарқыны 145,9 пайызды құрады. Өсімнің негізгі бөлігі бөлшек сауда есебінен қамтамасыз етіліп, оның жалпы үлесі 54 пайызға жетті. Бұл – өңірде ішкі тұтыну нарығының кеңейіп, халықтың сатып алу қабілетінің артқанын білдіреді.

Көлік және қоймалау саласы да инвестиция тартудың негізгі бағыттарының біріне айналды. Аталған саладағы қызмет көлемі 491,6 млрд теңгеге жетіп, жоспардан асып, 125,7 пайызды құрады. Тасымалданған жолаушылар саны мен жүк көлемінің артуы өңірдің логистикалық әлеуетінің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Жыл қорытындысы бойынша бұл салада өсім деңгейін 126 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Байланыс қызметі саласында да тұрақты өсім байқалады. Қызмет көлемі 10,9 млрд теңгені құрап, өсім 110,9 пайызға жетті. Бұл цифрлық инфрақұрылымның дамуы инвестициялық климатты жақсартып, бизнестің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап отырғанын аңғартады. Жыл соңына қарай жалпы өсімді 111,5 пайызға жеткізу көзделуде.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары экономиканы әртараптандыруға, жаңа өндірістерді іске қосуға және қызмет көрсету секторын дамытуға бағытталған. Инфрақұрылымның жүйелі жаңғыртылуы, әкімшілік кедергілердің азаюы және инвесторларға көрсетілетін қолдаудың күшеюі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып отыр.