ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАДЫ

Түркістан облысында тұрғындарды еңбекпен қамту, жаңа өндіріс орындарын ашу және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатта 2025 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, оның нәтижесінде облыс республика бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Аталған карта аясында 130 769 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Бұл – республика бойынша құрылатын барлық жұмыс орындарының 14,5 пайызына тең. Жыл қорытындысы бойынша жоспар артығымен орындалып, 147 719 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 100 046 тұрақты және 47 673 уақытша жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді.

Жұмыспен қамту саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Мәжіліске төрағалық еткен облыс әкімі Нұралхан Көшеров еңбекпен қамту мен өндіріс орындарын ашу өңір дамуының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырды.

Облыс басшысы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясындағы барлық міндеттердің сапалы орындалуын, жұмысқа орналасқан азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарналарының уақтылы аударылуын қатаң бақылауға алуды жүктеді. Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындары, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары мен «Күміс жас» жобасына тартылған азаматтардың нақты еңбекпен қамтылуы қажеттігін атап өтті. Аудан, қала әкімдеріне өңірдегі кәсіпорындарды аралап, нақты кадрлық қажеттілікті анықтау, халықпен түсіндіру жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Мәжіліс барысында жұмыспен қамту жоспарын орындамаған бірқатар аудан және қала әкімдерінің есептері тыңдалып, тиісті ескертулер берілді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлының мәліметінше, еңбекпен қамту жұмыстары 5 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар аясында 4 074 жұмыс орны құрылды. «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы арқылы 22 595 адам еңбекке тартылды. 45 мыңнан астам азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Сонымен қатар 57 221 тұрғын бос жұмыс орындары арқылы тұрақты жұмысқа орналастырылып, 1 793 адамға кәсіпкерлікті дамытуға арналған грант берілді.

Ал 2026 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 74 516 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде 54 481 тұрақты, 20 035 уақытша жұмыс орны көзделген. Жоспар бойынша 40 588 адам бос жұмыс орындарына, 2 472 адам ұлттық жобалар негізінде ашылатын жұмыс орындарына жіберіледі. «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы арқылы 11 476 тұрғын, ал субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 18 530 адам еңбекке тартылады. Сонымен қатар 1 450 адамға грант беру жоспарланған.

Жұмыспен қамтылатын тұрғындар инфрақұрылымдық жобаларға, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, туризм мен ауыл шаруашылығы салаларына бағытталады. Атап айтқанда, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» мен «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» компанияларына мыңнан астам тұрғынды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.