ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖАСЫЛ ЭНЕРГИЯ ЖӘНЕ БАЛАМАЛЫ ҚУАТ КӨЗДЕРІН ДАМЫТУ ЖОЛЫ

Түркістан облысында жасыл экономика мен баламалы энергия көздерін дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекет басшысы өз Жолдауында баламалы энергия көздерін дамыту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі екенін ерекше атап өтті. Қазіргі уақытта облыс қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көздерден тасымалдауға мәжбүр, бұл мәселені шешу үшін өңірде нақты және тиімді жобалар қолға алынған. Сонымен бірге күн, су және жел энергиясы көздерін арттыру бағытында инвесторлармен тұрақты келіссөздер жүргізілуде, бұл шаралар өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға және тұрақты дамуға негіз болады.

Қуат көздерін жаңғырту мен баламалы энергияны дамыту бағытындағы негізгі жобалардың бірі – Сайрам ауданында «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен салынатын 1000 МВт қуаттылықтағы бу-газ станциясы. Жобаның құны 800 млрд. теңге. Құрылыс келесі жылы аяқталып, облыстың электр қуатына деген қажеттілігін айтарлықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы Кентау қаласында 240 МВт қуаттылықтағы газ турбина станциясы салынатын болады. Жобаның жалпы құны 155 млрд. теңге. Қазіргі таңда конкурстық рәсімдер мен келісімшарт түзу жұмыстары толық аяқталып, құрылыс алдағы екі жылда аяқталуы жоспарланған. Бұл нысанның іске қосылуы өңірде өндіріс орындары мен жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті электр қуатын тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Түлкібас ауданында 320 МВт қуаттылықтағы бу-газ станциясы және Сауран ауданында 485 МВт қуаттылықтағы екі күн электр станциясының жобалары әзірленіп, іске асыру мерзімі 2025-2027 жылдарға жоспарланған. Бұл жобалар іске қосылғанда өңірдің энергия балансы нығаяды, электр қуаты тапшылығы мәселесі шешіледі және жаңа өндірістерді ашуға жағдай жасалады.

Бәйдібек ауданында қуаттылығы 350 МВт болатын жел электр станциясының құжаттары рәсімделуде. Бұл жоба 2026-2028 жылдары іске асырылып, баламалы энергияның үлесін айтарлықтай арттырады. Барлық аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде өңір экономикасына жалпы 1,8 трлн. теңге инвестиция тартылып, қосымша 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Бұл Түркістан облысының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жасыл экономика саласында жаңа өндірістер мен инвестициялық жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысының энергетика саласындағы бастамалары өңірді тұрақты даму жолына шығарып, баламалы энергия көздерін кеңінен қолдану арқылы экологиялық таза және тиімді өндірісті дамытуға ықпал етеді. Бұл жобалар өңірдің индустриалды және экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, сонымен қатар, ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Түркістанның жасыл энергетика саласындағы ауқымды жобалары – өңірді еліміздегі энергия көздері бойынша тәуелсіз, инвестицияға тартымды аймаққа айналдыратын маңызды қадамдардың бірі болып отыр.