Қазіргі таңда Түркістан облысында ауылдық аймақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ақбастау ауылы мен Шарбұлақ ауылдық округінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынғаны – өңірдің тұрақты экономикалық өсімінің нақты көрінісі.Алдағы жылдарға жоспарланған 150 орындық жаңа мектептің құрылысы ауыл оқушыларына заманауи жағдайда сапалы білім алуға мүмкіндік бермек. Бұл жоба тек білім беру саласын жаңғыртып қана қоймай, құрылыс саласы мен жергілікті еңбек нарығын дамытуға да ықпал етеді. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «КХ-88 Шарбұлақ-Қарабау-Амангелді-Ақбастау Ленин жолы-Қарабау» автожолы бойынша 12,1 шақырымды қамтитын орта жөндеу жұмыстары мердігер компаниясы арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл жол жобасы ауыл мен аудан орталығы арасындағы байланыс сапасын арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін және тауар айналымын жылдамдатуға мүмкіндік береді. Қазығұрт ауданы аумағында халыққа қызмет көрсететін екі көпір жұмыс істейді. Атап айтқанда, қазіргі таңда Қ.Пірназаров көшесі бойындағы көпірді жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кейін жобалық-сметалық құжаттама дайындалады. Бұл жобалар тұрғындардың қауіпсіз және қолайлы жол қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-қа, инфрақұрылымдық даму тек жол мен білім саласымен шектелмейді. Шарбұлақ ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Нысан заманауи стандарттарға сай жабдықталып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған барлық жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық тартымдылықты күшейтуге бағытталған. Жоба жүзеге асырылу барысында құрылыс және қызмет көрсету салаларының дамуы, жергілікті кәсіпкерлер мен мердігер ұйымдардың қатысуы облыстың экономикалық өсіміне тікелей үлес қосуда. Сонымен қатар, Түркістан облысында инфрақұрылымдық жаңғырту және әлеуметтік нысандар салу – ауылдардың өзін-өзі қамтамасыз ету қабілетін арттырудың, экономикалық тұрақтылықты нығайтудың және тұрғындардың өмір сапасын жақсартудың маңызды факторы болып отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
