Түркістан облысы соңғы жылдары инвестиция тарту бағытында айтарлықтай серпінге ие болып отыр. Өңірге қызығушылық танытқан ірі шетелдік компаниялар саны артып, жаңа өндірістік жобалар легі қалыптасуда. Соның бірі – Қытайдың ауыл шаруашылығы және тыңайтқыш өндірісі саласындағы ең ірі компанияларының бірімен қолға алынуы жоспарланған 800 миллион АҚШ долларынан астам инвестициялық жоба.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен ҚХР компаниясы өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде екі тарап тыңайтқыш өндіретін зауыт салу мүмкіндігін талқылады. Келіссөз барысында жобаның техникалық және инфрақұрылымдық аспектілері — логистика, энергиямен және сумен қамту, инженерлік жүйелер мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылды.
📌 – Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы үшін табиғи-климаттық, ресурстық және инфрақұрылымдық тұрғыда ең қолайлы өңір. Біздің аймақ елдегі жалғыз мақта егетін өңір ғана емес, сонымен қатар жеміс-жидек, бақша өнімдері, мал шаруашылығы және суармалы егіншілік бағытында зор әлеуетке ие. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз шетелдік инвесторлармен тығыз әріптестік орнатып, өңір экономикасын әртараптандыруға басымдық беріп отырмыз. Су үнемдеу және экологиялық таза технологияларды енгізу, тыңайтқыш өндірісін дамыту – біздің аграрлық саясатымыздың негізгі бағыты. Сондықтан бұл жобаның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Егер жоба толық жүзеге асса, Түркістан облысында жылына 2 миллион тоннаға дейін өнім шығаратын тыңайтқыш зауыты салынады. Бұл кәсіпорын тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағындағы ең ірі агроөнеркәсіптік нысандардың бірі болмақ.
Аталған жоба ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруға тікелей әсер етпек. Себебі тыңайтқыш — топырақ құнарлылығын сақтаудың, егіннің сапасы мен шығымдылығын арттырудың шешуші факторы. Жаңа зауыт іске қосылғанда өңір шаруалары қолжетімді әрі сапалы тыңайтқышпен қамтамасыз етіледі, ішкі нарықтағы тапшылық жойылып, артық өнім экспортқа шығарылмақ.
Сонымен қатар, зауыттың құрылыс және іске қосу кезеңінде 2 000-нан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Қосымша сервистік қызметтер, көлік және қойма инфрақұрылымы, қосалқы өндіріс орындары дамып, өңір экономикасының құрылымы нығаяды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақтылық пен еңбек нарығындағы белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
Инвесторлар зауытты салу кезінде экологиялық қауіпсіздік пен энергия тиімділігіне, сондай-ақ су ресурстарын үнемдеуге бағытталған заманауи технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл шешім өндіріс процесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоршаған ортаға келетін әсерді барынша азайтады.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Түркістан облысы Қазақстанның агроөнеркәсіптік орталығына айналып, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Мұндай ауқымды бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, Түркістанды Орталық Азиядағы ірі өндіріс және агроинновациялық хабтардың бірі ретінде танытуға мүмкіндік береді.
