Түркістан облысы соңғы жылдары елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріндегі серпінді аймақтардың біріне айналды. Облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру, туризм мен спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар өңірдің жаңа келбетін қалыптастыруда. Сол ірі жобалардың бірі – халықаралық талаптарға сай заманауи атшабар (ипподром) құрылысы. Бұл нысан тек спорттық маңызы бар жоба ғана емес, сонымен қатар өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін күшейтетін маңызды инфрақұрылымдық бастама болып саналады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров нысанның құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Кезекті сапар барысында аймақ басшысы атшабар аумағында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Әкім жауапты басқарма мен мердігер мекемеге бірқатар нақты тапсырмалар беріп, сапа мен мерзімге ерекше назар аударды.
– Құрылыс жұмысы негізгі сәулеттік жобадан ауытқымауы керек. Барлық деталь өз орнында, дәл жоспардағыдай болуы тиіс. Сапалы материалдар қолданылып, әрбір кезең кәсіби деңгейде орындалуы қажет. Айтылған ескертпелер назарға алынып, нысан уақтылы әрі сапалы аяқталсын, – деді Нұралхан Көшеров. Қазіргі таңда ипподром құрылысын «ВД Строй-инжинеринг» ЖШС жүргізіп жатыр. Нысан басында 200-ге жуық жұмысшы мен 53 техника күнделікті еңбек етуде. Инженерлік инфрақұрылым жүйелері — электр, су, жылу және кәріз желілері тартылып жатыр. Құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталуға жақын, 1500 жанкүйерге арналған трибуна дайын, 4 қысқы, 2 жаздық қора және манеж құрылысы толық біткен. Қазіргі таңда құрал-жабдықтар орнатылуда. Нысанда жылқыларға арналған күтім аймағы, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге және көкпар алаңдары қарастырылған. Мұндай кешен ұлттық спорт түрлерін дамытуға, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге толық мүмкіндік береді. Жоба Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға айтарлықтай үлес қосады. Құрылыс кезеңінде жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті мердігерлер мен кәсіпкерлер тартылды. Мамандардың айтуынша, атшабар іске қосылған соң аймақтың ішкі туризмі мен қызмет көрсету секторы айтарлықтай жанданады. Себебі халықаралық жарыстар мен ұлттық спорт шаралары өткізілу арқылы өңірге келетін туристер саны еселеп артады. Сонымен қатар, ат спортына арналған нысанның ашылуы өңірдің спорттық инфрақұрылымын жаңғырту, спортшылардың кәсіби даярлығын күшейту және ұлттық ат спорты дәстүрін жаңғырту бағытындағы маңызды қадам болмақ. Соңғы жылдары Түркістан қаласында жүзеге асқан ірі жобалар – жаңа мәдени нысандар, туристік кешендер, тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы өңірдің бейнесін түбегейлі өзгертті. Жаңа атшабар да осы кешенді дамудың бір бөлігі ретінде спорт, туризм және экономика салаларының өзара байланысын нығайтып, өңірдің халықаралық деңгейдегі беделін арттыра түседі. Нысанның жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілуі күтілуде. Бұл жоба іске асқан жағдайда Түркістан тек рухани орталық емес, ұлттық спорт пен халықаралық туризмнің жаңа орталығына айналары сөзсіз.
