ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҮШ АУЫЛДЫҢ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының ауылдық елді мекендерін сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Соның нәтижесінде Ордабасы ауданының Қараспан ауыл округіне қарасты Жұлдыз, Мәдениет және Ынтымақ ауылдарына көптен күткен таза ауыз су жүйесі қосылып, тұрғындардың тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды. Сәуір айында басталған жоба 222,9 миллион теңге қаржыға жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстарын «Карат-Z» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сапалы әрі уақтылы орындап шықты. Ауыз су жүйесінің іске қосылу рәсіміне аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай және ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімі өз сөзінде елді мекендерді таза ауыз сумен қамту – халықтың өмір сапасын арттырудағы басты бағыт екенін атап өтіп, бұл жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін беретінін жеткізді. «Инфрақұрылымдық жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту – біздің басты мақсатымыз. Таза ауыз су әрбір отбасының әл-ауқатына, денсаулығына және ауылдың жалпы дамуына тікелей әсер етеді», – деді аудан басшысы. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар елді мекенге ауыз су тарту ісіне бастамашы болған аудан басшылығына және құрылысқа үлес қосқан азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.Айта кетейік, бұл жоба – мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылған аудандағы екі ірі әлеуметтік нысанның бірі. Жаңа ауыз су жүйесі іске қосылған үш ауылда тұрғындардың тұрмыс деңгейі жақсарып, жаңа кәсіпкерлік нысандар мен қызмет көрсету саласының дамуына мүмкіндік туады. Сонымен қатар, бұл жобалар ауылдағы тұрақты өмір сапасын қамтамасыз етіп, елді мекендердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосады. Түркістан облысында осындай өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты істер өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен тұрғындардың әл-ауқатының артуының айқын көрсеткіші болып отыр.